Биыл Баянауылға 120 мың турист келеді деп жоспарланып отыр
2022 жылғы 18 маусым 23:56

Биыл Баянауылға 120 мың турист келеді деп жоспарланып отыр

БАЯНАУЫЛ. ҚазАқпарат - Баянауылда Павлодар облысы экология кеңесінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баянауыл ұлттық табиғи паркінде Павлодар облысы әкімінің төрағалығымен экокеңестің отырысы өтті.

Кеңес жұмысына Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова қатысты.

Әбілқайыр Сқақов Баянауыл ұлттық табиғи паркін басқарудың бірыңғай жүйесін құруды ұсынды. Бұл курорттық аймақта көрсетілетін қызметтердің деңгейін көтеру және кәсіпкерлердің ашықтығы үшін қажет.

- Ата Заңымызда «Жер және оның пайдалы қазбалары, су және орман қоры халықтың меншігі, ал, мемлекет осы ресурстарды басқарады» деп жазылған, - деді аймақ басшысы. - Сондықтан да, біз бәрін бір жүйеге келтіру үшін нақты шешімдер қабылдауымыз керек.

Әлия Шалабекова ресми деректер бойынша курорттық аймаққа келген жыл сайынғы туристер саны 56 мың адамды құрайтынын, алайда, бұл көрсеткіш шынайы емес екенін айтты.

- Біздің пікірімізше, жыл сайынғы туристер ағыны 120 мың адамға жуық, - деді Әлия Шалабекова. - Бұл сандарды ретке келтіру үшін шлагбаумдарды автоматтандыруды қолға алдық.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева Баянауылға келетін адамдардың саны жыл сайын артатынын атап өтті.

- Алдағы жылдары туристердің саны 400 мыңға дейін жетуі мүмкін, - деді Әйгерім Қабылтаева. - Бұл жағдайда курорттық аймақ пен аудан орталығындағы инфрақұрылым мәселесін шешу алдыңғы қатарға шығады.

Торайғыров университетінің «Агротехнология» кафедрасының профессоры Виктор Камкин «Баянтау аңыздары» атауымен фитошайлар желісін құрастырып, туристік секторға енгізуді ұсынды.

Аймақ басшысы «Toraighyrov university» КеАҚ басшылығы мен оқытушыларына гид дайындау және Баянауылдың жаңа брендін жасауға белсенді кірісуге шақырды.

Демалушыларға қажетті мәлімет ұсынуда туристік ақпараттық орталық көмек көрсететін болады.

- Туристік орталықтар демалушыларға ақпараттық түсіндіру қызметін ұсынуы тиіс, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Біз эко, этно және сакралды туризмді енгізуіміз керек. Ол үшін қажетті ресурстардың барлығы бар.

Отырыстың нәтижелері бойынша облыс әкімі демалыс аймағын заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, су қорғау аймағында малдың жайылуына жол бермеу бойынша шара қабылдап, Баянауыл ауданында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын құру үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді тапсырды.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мерекесіне орай ғалымдар мен қоғам белсенділері облыс әкімінің және экология министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жасыбай көлінің жағасында туристік маусымның ашылу салтанаты өтті.

Аймақ басшысы туристік-ақпараттық орталықтың жұмысымен танысты. Биыл Баянауылға 120 мыңнан астам турист келеді деп күтіліп отыр.

Курорттық аймақтағы 46 демалыс үйінде бес мыңға жуық адам орналаса алады.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT