Биыл утиль алымнан 690 млрд теңге жинау көзделген - министр
2022 жылғы 24 мамыр 13:16

Биыл утиль алымнан 690 млрд теңге жинау көзделген - министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында биыл утиль алымның жалпы сомасы 690 млрд теңге болатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл соманың ішінде 12 млрд теңге қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, тасымалдауға, қайта өңдеуге және автокомпанияларға кетеді. Қайталап айтамын, «Жасыл даму» АҚ өзінің инвестициялық саясаты аясында жұмыс істейді. Қайта өңдеуге бағытталған жобалар пайда болды дейік, мұндай жағдайда инвестиция саясатына өзгеріс енгізе алады», - деді ведомств басшысы.

Министрдің айтуына қарағанда, биыл утиль алымның көлемі 690 млрд теңге болады деген болжам бар.

Журналистер министрден халық ішінде айтылып жүрген утиль алым туралы ойын сұрады.

«Біз «Жасыл дамудың» инвестициялық саясатын тұтастай қайта қарауды жоспарлағанбыз. Ондай ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз. Нақты ұсыныстар болса, бір үстелде бас қосып, әңгімелесуге дайынбыз. Ол ұсыныстың негіздемесі болуы керек қой. Біздің өз аргументтеріміз де бар. Үкімет өз деңгейінде шешім қабылдады. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Нақты ұсыныс болса қарауға дайынбыз. Мәлімдемелерден бөлек, нақты дәйектеме мен негіздеме қажет», - деді Серікқали Брекешев.

Айта кетейік, осы айдың басында утиль алымның жаңа ставкасы жарияланды.


Jańalyqtar

MURAǴAT