Биылғы шілдеде Беларусь елінде Қазақстанның мәдениет күндері өтеді
2022 жылғы 8 маусым 19:50

Биылғы шілдеде Беларусь елінде Қазақстанның мәдениет күндері өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Беларусь Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Николай Снопковпен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Николай Снопков Қазақстан-Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 17-отырысына қатысу үшін Нұр-Сұлтанға келген болатын.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов Қазақстанның Беларусь мемлекетімен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, оның ішінде өзара сауда және инвестициялық байланыстарды нығайтуға баса назар аударатынын атап өтті.

«Екіжақты тауар айналымын ұлғайту және екі ел арасындағы сауда-экономикалық кооперацияны дамыту үшін барлық мүмкіндік бар деп санаймын», - деді ҚР Премьер-Министрі.

Қазақстан Үкіметі басшысының айтуынша, бүгінгі таңда өнеркәсіптік кооперация саласында Беларусь тарапымен бірлесіп, жалпы сомасы $100 млн 7 жоба жүзеге асты.

Құны $14 млн тағы 2 жоба қолға алынды, сондай-ақ жаңа жобалар пысықталып жатыр.

Өз кезегінде Николай Снопков Беларусь Республикасының Қазақстанмен барлық бағытта өзара тиімді қатынастарды кешенді дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

«Біз – уақыт сынынан өткен серіктестерміз, сондықтан біздің міндетіміз – барлық салаларда ынтымақтастықты арттыру және тереңдету. Оның негізі өндірістік кооперация және елдер арасындағы әртүрлі бизнес байланыстарды нығайту», - деді Беларусь Республикасының бірінші вице-премьері.

Кездесу барысында тараптар құрылыс, ауыл шаруашылығы және энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, азаматтық авиация саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ 2022 жылғы шілдеде Витебскіде «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясында Қазақстанның Беларусь Республикасындағы мәдениет күндерін өткізу мәселесін талқылады.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT