Бизнестің дамуына шамадан тыс әкімшілік жүктеме кедергі – Премьер-Министр
2022 жылғы 18 ақпан 13:08

Бизнестің дамуына шамадан тыс әкімшілік жүктеме кедергі – Премьер-Министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов отандық бизнестің дамуына кедергі келтіретін жайттарды атап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елордада өтіп жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезіне қатысты.

«Бүгінгі таңда бизнестің дамуына реттеуші жүйе және шамадан тыс әкімшілік жүктеме кедергі болып отыр. Бизнеске түсетін жүктемені азайту үшін жақында кәсіпкерлік саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша заң қабылданды. Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, қоғамдық тамақтану, тұру және тамақтану сияқты салалар бойынша реттеуші актілер мен бизнеске қойылатын талаптарды талдау бойынша жұмысты бастады», - деді съезде Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің мәлімдеуінше, мемлекеттік органдардың бизнеске қатысты реттеуші актілері жеңілдей түседі.

«Бүгінде 424 нормативтік-құқықтық акт қаралды. Онда 17,5 мыңға жуық талап белгіленген, оның 40% - дан астамы артық және тиісінше жойылуы тиіс. Сондай-ақ, басқа салалар бойынша да талаптарға ревизия жүргізіледі. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың реттеуші актілері оңтайландырылады», - дейді ол.

Бұған дейін Әлихан Смайылов Үкіметтің бизнеспен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT