БҚО-да көлде ағып кеткен 8 жасар бала үш күннен кейін табылды
2022 жылғы 25 маусым 18:34

БҚО-да көлде ағып кеткен 8 жасар бала үш күннен кейін табылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Шалқар көлінде ағып кеткен 8 жасар бала үш күннен кейін табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 25 маусым күні сағат 15:50-де баланың денесі Теректі ауданы Рыбцех пен Шалқар ауылдарының арасында көл жағалауынан табылған.

«Баланы іздестіру жұмыстарына ТЖД күштерімен қатар, жергілікті тұрғындар, еріктілер жұмылдырылды. Қазіргі кезде сараптама тағайындалды. Соның қорытындысына сәйкес өлімнің себебі анықталады», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көлде жоғалып кеткен 8 жасар бала мен оның атасы ұшақпен іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.

Баланың атасы көп ұзамай аман-есен табылды.

Ұқсас жаңалықтар
Tartyl fest: бүгін турникке тартылу фестивалі Оралда өтеді
2022 жылғы 6 тамыз 08:30

Tartyl fest: бүгін турникке тартылу фестивалі Оралда өтеді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Республикалық «Tartyl fest» турникке тартылу фестивалі бүгін Орал қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара мақсаты – бұқаралық спортты дамыту және жастарды салауатты өмірге баулу, ұйымдастырушысы – ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім еткендей, фестиваль жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де ҚР Тұңғыш Президенті алаңында басталады.

Қатысушылар сағат 09:00-12:00 аралығында тіркеледі.

Фестивальға 350-ден астам адам қатысуға ниет білдірген.

Кеш қонағы – эстрада әншісі Айдана Меденова.

Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бақ сынайды: 18 жасқа дейін (жасөспірімдер):

1) салмақ – 55 келіге дейін;

2) салмақ – 55-70 келі;

3) салмақ – 70 келіден жоғары;

18-ден 30 жасқа дейін (жастар):

1) салмақ – 65 келіге дейін;

2) салмақ – 65-80 келі;

3) салмақ – 80 келіден жоғары;

30 жас және одан үлкендер (ересектер):

1) салмақ – 80 келіге дейін;

2) салмақ – 80-90 келі;

3) салмақ – 90 келіден жоғары.

Әр қаладағы жүлде қоры: 1 орын – 200 мың теңге; 2 орын – 100 мың теңге; 3 орын – 50 мың теңге. Гранд финалдың жүлде қоры: 1 орын – 3 млн теңге; 2 орын – 2 млн теңге; 3 орын – 1 млн теңге. Гранд финал елордада 8 қыркүйек күні өтеді.

Еске сала кетейік, «Tartyl Fest» турникке тартылу бойынша республикалық спорт фестивалі Қонаев қаласында басталған болатын. Сондай-ақ, бұған дейін фестиваль Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Атырау қалаларында жалғасын тапты.


Орал механикалық зауытында өрт шықты
2022 жылғы 5 тамыз 16:53

Орал механикалық зауытында өрт шықты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал механикалық зауытында өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖД баспасөз қызметінен түскен мәлімет бойынша, оқиға 5 тамыз күні сағат 11:55-те болды.

«Орал механикалық зауыты» ЖШС аумағында 2-цех шатыры мен жарық шамы жанды. Өрт аумағы – 240 шаршы метр. Жедел штаб құрылып, «тілсіз жауды» ауыздықтауға 15 техника, 56 адам жұмылдырылды. Өрт 12:29-да оқшауланып, 12:40-та сөндірілді. Қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталып жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.

Департамент мәліметі бойынша жыл басынан бері өңірде 263 өрт тіркеліп, салдарынан 5 адам қаза тапты, 4 адам түрлі жарақат алды. Өрттен келген шығын 177,7 млн теңгеге жуықтады.



БҚО-да жергілікті бюджет есебінен 124 түлекке білім гранты берілмек
2022 жылғы 4 тамыз 21:12

БҚО-да жергілікті бюджет есебінен 124 түлекке білім гранты берілмек

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының әкімдігі биылғы оқу жылында жергілікті бюджет есебінен 124 түлекке білім грантын беруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыстық білім басқармасының ұсынысына сәйкес, нарықта жетіспей жатқан мамандықтарға тапсырыс жинақталды. Осының негізінде облыста 124 маманға қажеттілік туындап отырғаны анықталды. Олар бакалавриат және магистратура бағыттары бойынша білім алады. Қазіргі таңда білім басқармасы жергілікті қаражат есебінен берілетін гранттар үшін оқу орындары арасында конкурс жариялады», - делінген қаулыда .

Қоса кетсек, бұған дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін білім гранттарының саны артуы мүмкін екенін хабарған едік.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT