Болат Ақшолақов 180 күн өткен соң сұйытылған газ бағасын қалай реттейтінін айтты
2022 жылғы 6 маусым 10:35

Болат Ақшолақов 180 күн өткен соң сұйытылған газ бағасын қалай реттейтінін айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сұйытылған газдың ішкі нарықтағы бағасын мемлекет тарапынан реттеуге берілген 180 күндік мерзім аяқталғаннан кейін Энергетика министрлігі шекті бағаны бекітіп отыруы мүмкін. Ведомство Мәжіліске осындай заң жобасын ұсынбақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында мәлім етті.

«2022 жылдың қаңтарында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған мұнай газының бағасын реттеуге 180 күн белгілеген болатын. Осы 180 күн өткеннен кейін бағаның күрт өсуін болдырмау үшін Энергетика министрлігі Мемлекеттік кірстер комитетімен бірге ішкі нарықта сатылатын сұйытылған мұнай газының айналымын бақылауды қолға алады», - деді ол газ саласын дамыту туралы жасаған баяндамасында.

Айтуынша, сұйытылған газ бағасын реттеуге берілген 180 күн біткеннен кейін Энергетика министрлігіне қосымша құзырет беру қажет.

«Сонымен бірге министрлік «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға түзетулер пакетін әзірледі. Бұл түзету бойынша Энергетика министрлігіне сұйытылған газдың бөлшек саудадағы шекті бағасын белгілеу құзыретін беру мәселесі қарастырылмақ. Тиісті түзетулер әзірленіп болған соң ҚР Парламент Мәжілісіне жолданады», - деді Болат Ақшолақов.

Айта кетейік, 6 қаңтарда ҚР Үкіметі еліміздің барлық өңірінде газдың шекті бағасын бекіткен болатын. Шекті баға 180 күнге белгіленген еді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT