Бұл мәселені жақсы білеміз – Дәурен Абаев «Ирина Қайратовна» тобы туралы
2022 жылғы 1 маусым 12:25

Бұл мәселені жақсы білеміз – Дәурен Абаев «Ирина Қайратовна» тобы туралы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әртістердің сахнадағы өрескел іс-қимылдары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ирина Қайратовна» тобының оқиғасына қатысты, әртістердің сахнаға мас болып шыққаны үшін жауапкершілік енгізесіздер ме?», - деп сұрақ қойды тілшілер Үкімет отырысынан кейінгі сұхбатта.

«Шын мәнінде елімізде мыңдаған концерттер өтеді, осындай оқиғалар да болып жатады. Бірақ мыңдаған әртістердің бәрі сахнада өрескел қылық көрсетіп жүрген жоқ. Бұл мәселені жақсы білеміз және қарастырып жатырмыз. Жақын арада осы бағытта не істейтініміз туралы нақты нәтижелер береміз деп ойлаймын. Мәселе әлі талқыланып жатыр. Кім кімге шағым түсіруі керек, полицияға кім хабарлауы керек, жауапкершілік кімде, әлі ештеңе белгісіз», - деп жауап берді Д. Абаев.

Сонымен бірге министрге ресейлік тиктокшылардың көптеп келіп жатқаны, олардың да масаң күйде жүретіні, көп тәртіпсіздікке баратыны және қалай қадағалатыны туралы сұрақ қойылды.

«Заң бәріне ортақ. Тиктокшы бола ма, бастық немесе қатардағы адам болса да, заң мен нормалар анық жазылған. Шартты түрде айтсақ, ресейлік тиктокшылар тәртіп бұзса, еліміздің заңы бойынша жауапқа тартылады. Ал өзін тәртіпті ұстаса – қандай мәселе көріп тұрсыздар?», - деді Д. Абаев.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT