Былтыр әлеуметтік шығыстар 910 млрд теңгеге ұлғайды - Ерұлан Жамаубаев
2022 жылғы 8 маусым 12:18

Былтыр әлеуметтік шығыстар 910 млрд теңгеге ұлғайды - Ерұлан Жамаубаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр әлеуметтік шығыстар 2020 жылмен салыстырғанда 910 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарау кезінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы коронавирус пандемиясының теріс әсерлері жағдайында жүзеге асырылды. Дегенмен, 2020 жылмен салыстырғанда іскерлік белсенділіктің жандануы байқалды. Жалпы, ішкі өнімнің өсімі 4 пайызды құрады. Экономиканың барлық негізгі салаларында оң нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, өнеркәсіп өндіріс көлемі 3,8 пайызға, құрылыс 7,6 пайызға, көлік және сауда салалары тиісінше 3,6- пайызға және 9,2 пайызға өсті. Жаһандық пандемиядан кейін қалыптасқан сұранысты және өндірістер мен логистикалық тізбектердің бұзылуын қалпына келтіру аясында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағаның жаппай өсуі байқалды», - деді Е. Жамаубаев

Осы орайда 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 8,4 пайызды құрағанын еске салды.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,5 пайызға ұлғайды. Жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталды», - деді министр.

Е. Жамубаев Республикалық бюджеттің атқарылуы көрсеткіштеріне тоқтала келе: « түсімдер 100,8 пайызға атқарылып, 12,7 трлн теңгені құрады. Шығыстар 99,2 пайызға игерілді және 15,2 трлн теңгені құрады. Әлеуметтік шығыстар 2020 жылмен салыстырғанда 910 млрд теңгеге ұлғайып, 7,5 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 50 пайызын қамтыды», - деді ол.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT