Дональд Трамп: АҚШ тарихындағы ең кінәсіз адам болармын

Автор:  
Гүлнұр Ғазизқызы

Дональд Трамп: АҚШ тарихындағы ең кінәсіз адам болармын

АСТАНА. ҚазАқпарат – АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп өзіне тағылып отырған айыптаулардың негізсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Техаста өткен митингіде сөйлеген сөзінде Дональд Трамп өзінің «ел тарихындағы ең кінәсіз адам болуы мүмкін» екенін айтты. Ол миллиондаған құжаттар тексеріліп, қорытындысында өзіне тағылған заң бұзушылықтарға дәлел табылмағанын алға тартты.

«Сіздер ақталасыздар және бастарыңызды мақтанышпен жоғары ұстайсыздар, ал біздің әділдік жүйемізді бүлдіріп жатқан баскесерлер мен қылмыскерлер жеңіледі, беделден жұрдай болып, толықтай әшкереленеді», - деді ол.

Айта кетсек, Дональд Трамп «порноактриса Сторми Дэниэлске төленген қаражат туралы ақпаратты жасыру үшін сайлау науқаны қарсаңында қаржылық құжаттарды қолдан жасады» деп айыпталады.

Бұған дейін АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп 2024 жылы өтетін сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Ол президент сайлауына түсуге ресми өтінішін 2022 жылғы қарашада берген болатын.

Еске салсақ, 2020 жылғы сайлауда Трамп қазір президент Джо Байденнен жеңіліп қалған еді.

Трамптың алдағы сайлаудағы алғашқы бәсекелесі де белгілі. Оңтүстік Каролина штатының бұрынғы республикашыл губернаторы және АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болған Никки Хейли 2024 жылғы президенттік сайлауға түсуге дайын екенін мәлімдеген болатын.

АҚШ   Әлем  



Серіктестер жаңалықтары