Дүниежүзілік мұсылмандар қауымының кеңесі Швецияда Құран кітаптың өртелуін сынады
2022 жылғы 19 сәуір 18:52

Дүниежүзілік мұсылмандар қауымының кеңесі Швецияда Құран кітаптың өртелуін сынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік мұсылмандар қауымының кеңесі Швецияда Құран кітаптың өртелуін сынап, діни рәміздерді құрметтеу керектігін, діндер мен храмдарды қорлау арқылы өшпенділікке жол бермеу қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Біріккен Араб Әмірліктерінің WAM жаңалықтар агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дүниежүзілік мұсылмандар қауымының кеңесі дүйсенбіде жариялаған мәлімдемеде Швецияда көрініс тапқан мұсылман қауымына деген төзімсіздік пен өшпенділік толқыны әлеуметтік ынтымаққа қауіпті құбылыс екенін айтты. Кеңес Еуропадағы мұсылмандар қауымын арандату әрекеттеріне бой ұрмауға, Ислам даналығының үлгісі болып, заңдарды сақтауға, әлеуметтік қауіпсіздік пен татулықты ту етуге шақырды.

Бірқатар араб елдері Құранның көшірмесін өртеп, акция өткізген Hard Line партиясының жетекшісі, саясаткер Расмус Палуданның әрекетін қатаң сынаған болатын. Өткен бейсенбіде осы партияның мүшелері бірнеше қалада Құран кітапты өртеген видеолар таратқан еді.

Иордания, Сауда Арабиясы, Бахрейн, Түркия, Катар, Пәкістан, БАӘ, Мысыр және Оман елдері бұл акцияны «исламға деген фобия» деп бағалады. Ал Иран мен Ирактағы Швецияның елшілері Сыртқы істер министрлігіне шақырылған болатын. Иранның сыртқы істер министрлігі қалыптасқан кикілжіңге Швецияның Үкіметі жауапты екенін мәлімдеп, ресми Стокгольмді шұғыл шаралар қабылдап, мұндай акцияларды тыюға шақырды. Ал Ирактың Сыртқы істер министрлігі мұндай шаралардың «Швеция мен араб-мұсылман әлемінің арасындағы қарым-қатынасқа зардабын тигізетінін» атады.

Онсыз да ушығып тұрған шиеленіс Палуданның Құран кітапты көпшіліктің көзінше өртейтін акциялардың жалғасы болатынын айтқаннан кейін одан бетер өршіген. Осы сөзден кейін швециялық мұсылмандар мен полиция өкілдерінің арасында қатығыс болып, оның соңы тәртіпсіздіктерге ұласты.

Al-Bawaba ақпарат порталының жазуынша,

https://www.albawaba.com/node/violent-tensions-sweden-far-right-group-pledges-burn-quran-1473849

Швецияның премьер-министрі Магдалена Андерссон толассыз тәртіпсіздіктерге жауап ретінде Расмус Палуданға ондай шаралар өткізуге тыйым сала алмайтындарын мәлім еткен. Өйткені бұл елдің заңдары азаматтары өз ойын еш кедергісіз білдіруге мүмкіндік береді.

ТАСС агенттігінің мәліметі бойынша,

Расмус Палудан Hard Line партиясының негізін 2017 жылы қалаған. Саясаткердің өзі YouTube-тегі антиисламистік видеоларымен танымал. Ол Құран кітапты өртеп тұрып, мұны сөз еркіндігіне деген құрмет деп атаған еді. Палудан жетекшілік ететін партия елде исламға тыйым салып, Даниядан пана тапқан «батыстық емес тұлғалардың» бәрін депортациялауды талап етіп жүр.

Еске салсақ, Швецияның бірнеше қаласында, Пасха мерекесі кезінде ультраоңшыл топтың арандатушылық әрекетіне байланысты тәртіпсіздіктер орын алған болатын.

https://www.inform.kz/kz/shveciyanyn-birkatar-kalasynda-birneshe-kunnen-beri-tartipsizdikter-bolyp-zhatyr_a3923924


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT