Экс-президенттерге берілетін артықшылықтар Тұңғыш Президентке де қатысты болады - Мәулен Әшімбаев
2022 жылғы 5 мамыр 13:52

Экс-президенттерге берілетін артықшылықтар Тұңғыш Президентке де қатысты болады - Мәулен Әшімбаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экс-президенттерге қандай артықшылықтар берілсе, дәл сондай дәреже Тұңғыш Президентке де қатысты болады. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілетін артықшылықтар туралы сұрады.

«Экс-президенттерге қандай артықшылықтар берілетін болса, яғни әлеуметтік жағынан қорғалуы мен қауіпсіздігіне қатысты пұрсаттардың бәрі Тұңғыш Президентке де беріледі. Бұл тұрғыда ешкімнің де елден артық дәрежесі болмайды. Болашақта Қазақстанда біраз президенттер болатын шығар. Осы орайда әлеуметтік тұрғыдан қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормалар экс-президенттерге бірдей қатысты болады. Бұл нормалар Конституцияда бар, сол нормалардың бәрі Тұңғыш Президентке қолданылады», - деді М. Әшімбаев.

Осы орайда Сенат төрағасы заңнамада экс-президенттерге қатысты арнайы бап бар екенін, онда тиісті нормалар ескерілгенін еске салды.

«Тиісті өзгерістер еніп жатыр соларға құқықтық негіз қалыптастыру үшін референдум туралы заңнан Тұңғыш Президентке байланысты нормаларды референдумге шығаруға болмайды деген нормаларды алып тастадық», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы қаралды.

Құжатқа түзету енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Сенаторлар «Референдум туралы» Заңнан Елбасы туралы норманы алып тастады.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT