Экстремистер мен педофилдер Қазақстан аумағына кіргізілмейді – жаңа заң
2022 жылғы 13 сәуір 12:52

Экстремистер мен педофилдер Қазақстан аумағына кіргізілмейді – жаңа заң

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаты Ғазиз Құлахметов таныстырды.

«Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасында халықты құжаттандыру процедураларын оңтайландыратын және кейбір заңнамалық актілердегі ескерілмеген тұстарды жүйелейтін ұсыныстар көзделген. Нақты алғышарттарына тоқталайын: адам құқықтарын қорғау, қолдағы заңнама нормаларын ҚР Конституциясына сәйкестендіру, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін шешу, ҚР азаматтарының мүддесін қамтамасыз ету, көші-қон мәселелерінде мемлекеттік реттеуді жақсарту, құқық олқылықтарды болдырмау», - деді Ғ. Құлахметов Мәжілістің жалпы отырысында.

Биыл 1 қаңтардан бастап Ішкі істер министрлігіне тікелей қатысы жоқ кейбір функциялар мен құзірет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өткен болатын.

Министрлік енді босқындар мәселесімен айналысу, еңбек мигранттарына рұқсат беру және ол рұқсаттың мерзімін ұзарту, көші-қон процестерін реттеу шараларын әзірлеу және осы мәселе аясында ведомствоаралық үйлестіруді жүргізеді.

Мұның бәрі 2022-2026 жылдарға арналған ҚР көші-қон концепциясымен де реттеледі.

Сонымен бірге, депутат аталған заң жобасының негізгі ережелерін түсіндірді.

«Бірінші – «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңның 3-бабы Конституцияның нормасына сәйкес келтіріледі. Бұл Заңның 3-бабында шетелдіктердің құқықтық жағдайы қағидаттарында «сенім» ұғымы жоқ. Бұл құқықтық олқылықты түзеу керек боп тұр. Екінші – «Төтенше жағдайлар туралы» Заңды «Жеке басты куәландыратын құжаттардың, лицензиялардың, рұқсаттардың және төтенше жағдайдың қолданылуы кезеңінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар беретін өзге де құжаттардың қолдану мерзімі» деген жаңа 18-1-баппен толықтыру ұсынылып отыр. Үшінші – «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 1-бабының 8-тармағына сәйкес, шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға – Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру мақсатымен келген эмигрант. Сондықтан көшіп келушіге берілген құжат мерзімінің аяқталуына орай, еңбек келісімшартын да біржақты тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек», - деді Ғазиз Құлахметов.

Төртінші – 2020 жылдан бастап, жасы 16-ға толмаған балалардың фотосуретін ата-анасының төлқұжатына жабыстыру және тиісті жазба жүргізу нормасы жойылған болатын.

Қазір шетелге шығу үшін әр баланың төлқұжаты болуы керек.

Физиологиялық процесті ескере отырып, 12 жасқа толғанша баланың төлқұжатын әр бес жыл сайын, ал 12-16 жас аралығындағы балалардың құжатының жарамдылық мерзімі қазіргідей 10 жыл болып қала бермек.

Құжат ауыстыру жиілігін өзгерту бастамасына орай, төлқұжат алуға мемлекеттік баж мөлшерін де 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін екі есе төмендету ұсынылады.

Бесінші – «Босқындар туралы» Заңның 8 және 9-баптарын сәйкестендіру мақсатында өзгерістер енгізіледі.

Құжат бойынша пана іздеген адамдар мен босқындар Қазақстан Республикасының аумағындағы мекенжайын ауыстырған жағдайда тіркеуден шығып, 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті органда қайта тіркелуі тиіс.

Енді пана іздегендерді Қазақстан Республикасы аумағында мекенжайы бойынша тіркеп, тиісінше, мұндай тұлғаларды тіркеу тәртібін бекіту құзыретін ҚР Ішкі істер министрлігіне берген орынды.

«Алтыншы – «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Халықтың көші-қоны туралы» заңдары шетел азаматтарының елімізге кіруіне тыйым салынатын қосымша негіздемелермен толыққалы отыр. Мәселен шетел азаматының экстремизм-терроризмге қатысы бары немесе Қазақстанда экстремистік не террористік деп танылған ұйымға қатысы бары туралы мәлімет-деректер негізінде шетел азаматының елге кіруіне тыйым салынады және ұлттық қауіпсіздік органдарына тыйым салу себебін түсіндірме құқығын беру ұсынылады. Жетінші – балаларды қылмыстық құқықбұзушылықтан қорғау мақсатында үш заңға келесі нормалар енгізіледі. Кәмелетке толмаған балаларға сексуалды сипатта қылмыс жасағандарға Қазақстанға келуіне өмір бойына тыйым салынады, Қазақстанда тұрақты мекендеуіне және Қазақстан азаматтығын алу туралы эмигранттық өтінішін қабылдауға да рұқсат берілмейді», - деді Мәжіліс депутаты.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT