Елде тұтынылатын энергияның 40%-дан астамы ТҮКШ саласына тиесілі
2022 жылғы 10 маусым 12:33

Елде тұтынылатын энергияның 40%-дан астамы ТҮКШ саласына тиесілі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елде тұтынылатын энергияның үштен бірі 928 ірі кәспорынға тиесілі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Марат Қарабаев осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Энергия тұтыну көрсеткіштерін экономиканың секторларына жіктесек, бүкіл көрсеткіштің 47%-ы өнеркәсіп саласына келеді. Ал 43 пайызы ТҮКШ саласына тиесілі екенін мойындауымыз керек. Бұл өзі жаңа бағыт, біз үшін жаңа сын-қатер деуге болады. Сондықтан қазір тығыз айналысып жатырмыз», - деді вице-министр «Қазақстанда энергия тиімділікті арттыру» жобасы қорытындылаған салтанатты шарада.

Сондай-ақ, ол елдің жалпы ішкі өніміндегі энергия шығынының үлесін азайтуға бағытталған заң жобасы Парламент Мәжілісінен өтіп, Сенатқа жолданғанын еске салды.

«Бұл заң жобасы түбегейлі жаңа шаралар мен ұғымдарды қамтиды. Мысалы, елде тұтынылатын энергияның үштен бірі 928 ірі кәсіпорынға тиесілі. Оның көбі – өнеркәсіп кәсіпорындары. Заң жобасында жеке сектордағы нысандардың бәрінде энергия тиімділікке жауапты маманның штатын бөлу көзделген.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жеке құзіреті болады. Сол құзырет аясында энергияны ең көп тұтынатын 100 кәсіпорынды анықтап, тиімділікті арттыру бойынша міндеттер қоятын боламыз», - деді Марат Қарабаев.

Осы шараға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елдос Абақанов елордадағы «Будепешт», «Family Village» сияқты автономды инфрақұрылымға жалғанған нысандардың проблемасын депутаттық сауал ретінде жолдап, министрлік деңгейінде көтеруге дайын екенін айтты.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT