Елімізде алғаш рет «Ерте араласу» институтын енгізу басталды - министр
2022 жылғы 1 маусым 11:45

Елімізде алғаш рет «Ерте араласу» институтын енгізу басталды - министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде алғаш рет «Ерте араласу» институтын енгізу басталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында министрлік оңалту көмегін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Балаларға оңалту көмегінің қолжетімділігі артты. Соңғы 3 жылда оңалту төсектері мен орталықтарының саны 2 есеге ұлғайды», - деді министр.

Оның дерегінше, 2021 жылы 53 мыңнан астам бала оңалтудан өтті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,3 есе көп.

«Елімізде алғаш рет «Ерте араласу» институтын енгізу жөніндегі іс-шаралар басталды. Жыл соңына дейін 17 ерте араласу орталығы ашылады. Онда жыл сайын 0 жастан бастап 3 жасқа дейінгі аралықтағы 10 мыңға дейін бала ем ала алады. «Қадамдық қолжетімділік» қағидатын іске асыру аясында өткен жылдан бастап балаларды амбулаториялық деңгейде оңалту енгізілді. Нәтижесінде тек қана осы жылдың 1-тоқсанда 4,2 мыңнан астам бала тұрғылықты жері бойынша емханалар деңгейінде медициналық оңалтудан өтіп жатыр», - деді Ажар Ғиният.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT