Елімізде медицина ғылымы алға ұмтылып келеді – жұқпалы аурулар дәрігері
2022 жылғы 19 маусым 13:41

Елімізде медицина ғылымы алға ұмтылып келеді – жұқпалы аурулар дәрігері

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Вирустар мен жұқпалы инфекциялар. Бұл терминдер соңғы екі жылда құлаққа үйреншікті сөздерге айналды. Бірақ қарапайым адам белгілі бір инфекциялар мен вирустардың денсаулыққа қауіпті екенін біле ме? Медицина ғылымдарының докторы, профессор Розалия Бегайдарова осы дерттерден қалай қорғану керектігі жайлы айтып берді.

Әлемдегі әрбір ана әрқашан сәбиін аурудан қорғауға тырысады. Алайда, балалардың жұқпалы аурулары кейде күтпеген жерден тап болып, үлкен қауіп төндіреді. Барлық инфекциялардан 100% сақтану мүмкін емес. Себебі олардың тізімі де өте ауқымды. Жағдайды ушықтыратын тағы бір жайт – бала симптомдар туралы бірден айта алмайтындығында. Алайда, қазіргі жұқпалы аурулар дәрігерлері заманға сай қадам басып келеді. Балалар арасында аурудың алдын алу үшін әлемдік ғылым майталмандары көптеген вакциналар мен дәрі-дәрмектерді ойлап тауып жатыр. Бірақ емдеу мен диагностикада бірінші кезекте дәрігерлердің еңбегі үлкен рөл атқарады. Бүгін біз медицина ғылымдарының докторы, профессор, РҒА академигімен әңгімелестік. Ол 20-дан астам медицина ғылымдарының кандидаттарын, екі PhD докторы мен магистрлерді оқытып шығарған. Бұл салада Розалия Хасанқызы 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді.

- Розалия Хасанқызы, соңғы екі жыл ішінде біздің еліміз ғана емес, бүкіл планета «вирус» терминімен өте жақын танысты десек болады. Бұрын мұндай қауіпті вирустар болған ба? Неліктен біз олар туралы жиі естімедік?

- Біріншіден, вирус сөзі ежелден бері белгілі екенін ұмытпайық. Жалпы қиын емделетін барлық аурулар – олардың барлығында вирустық этиология болады. Бұрын табиғи шешек болған, бұрын АИТВ және ЖИТС, басқа да көптеген вирустық инфекциялар, цитомегаловирус инфекциясы болған. Оларды тізбектей берсек өте көп. Ал неліктен соңғы екі жылда вирус туралы жиі ести бастадық десеңіздер, бұл коронавирусқа байланысты. Бұл вирустың көптеген штамдары бар, 60-шы жылдары басқа штамдармен коронавирустар болған. Ал қазір В тобындағы коронавирус пайда болды. Соның салдарынан жер жүзіне «пандемия» сөзі келді. Бұл барлық адамдар, бүкіл планета ауырғанда енгізілетін режим. Сондықтан бүкіл планетада пандемия жарияланды, өйткені барлық континенттердегі адамдар: Америка, Африка және Австралияда да адамдар ауырды. Яғни, ол барлық құрлықтарды қамтыды. «Эпидемия» деген сөз бар тағы. Бұл, мысалы, жыл сайын тұмау вирусы және т.б. қайталанып отыратын кезде жарияланатын режим. Вирустарға келетін болсақ, олар өте көп және ауыр асқынуларға алып келетіндері де бар. Осыған дейін түрлі індеттер бүкіл планетаға тарқаған жайттар болған жоқ. Сондықтан біз олар туралы сирек естідік.

- Пандемия басталғанда көбіне егде жастағы адамдар ауырған. Алайда, өткен жылдың соңында және осы жылдың басында КВИ балалар арасында тез таралды. Бұл немен байланысты?

- Мен 21 маусымда Шымкенттегі конференцияға ұшамын. Онда жасайтын баяндамамның тақырыбы балалардың коронавирустық инфекциясына, өз бақылауларыма қатысты болады. Бұған дейін мен сәуір айында Бакуде болдым. Ол конференцияда мен Қытайдан келген SARS-CoV-2 вирусы жайлы әңгіме қозғадым. Бірінші кезеңде негізінен тек қарттар ауырып, қайтыс болады дедік. Содан кейін ДДҰ барлық елдердегі тұрғындарға үйлерінен шығуға қатаң тыйым салды, барлығы үйде отырды, балабақшалар мен мектептер жұмыс істемеді. Ол кезде балалар вирустан қорғалды. Сондықтан балаларда ауру жеңіл өтеді және ауыр жағдайлар болмайды деп сендік. Бірақ балалар мектепке бара бастағанда, олардың дертті жұқтыру фактілері көбейе бастады. 2021 жылдан бастап, балалар мектепке бара бастағанда, көптеген шетелдік басылымдарда осындай ақпарат пайда бола бастады. Ғалымдар мен журналистер балалардың күрделі асқынулары көбейді деп жазды. Мен өз тәжірибемнен мысал келтірейін. Қазақстан бойынша мульти жүйелік қабыну синдромы деп аталатын асқынулар пайда болған 58 бала болды. Ол жүректің зақымдануына әкеп соғады. Мен Қарағандыда осындай 11-ге жуық балаларды қарап, кеңес бердім. Бұл балалар ауырғанын немесе аурудың жеңіл белгілерн байқамай қалған. Ата-аналар оны қарапайым вирустық инфекция деп ойлады. Себебі ол жеңіл өткен. Бірақ 2-8 аптадан кейін балаларда жүрек-тамыр жүйесінің зақымдануымен ауыр асқынулар пайда болған. Сондықтан қазір барлық ғалымдар балаларда да қиын, асқынулар бар деген пікірге келді.

- Коронавирустың кесірінен көптеген аурулар «көлеңкеде» қалды. Бірақ ол дерттер жойылып кетті деуге болмайды. Қазір балалар арасында қандай инфекциялар жиі кездеседі?

- Өте дұрыс сұрақ. Себебі коронавирус болған кезде және дәрігерлер оқшауланған кезде, әртүрлі онкологиямен, жүрек-тамыр ауруларымен ауыратын көптеген науқастар артта қалған сияқты. Балаларға келетін болсақ, вакцинация күнтізбесінде де бұзушылықтар болды. Өйткені біз балаларға туғаннан бастап екпе саламыз, бұл ретте Қазақстан бойынша екпелер күнтізбесі бар. Пандемия кезінде барлық балаларды вакцинациялауға мүмкіндік болмады, кесте бұзылды. Ал қазір жұқпалы аурулар ауруханасында мен балаларға үнемі кеңес беремін, олардың арасында шешек ауруы жиілеп кетті. Егер бұрын балалар бір жастан бастап ауырса, кеше мен 16 күн бұрын дүниеге келген нәрестенің ауырып жатқанын көрдім. Бала шешек дертіне босану кезінде жұқтырған екен. Себебі анасы жүктілік кезінде бұл ауруға шалдығып, емделіп үлгермеген. Сонымен қатар, қазір ішек инфекцияларының шарықтап тұрған кезеңі, түрлі митингококк инфекциялары тағы бар. Сондықтан инфекциялар өте көп және олар жыл мезгіліне байланысты өрши береді деп айта аламыз. Қыста, егер бұл тұмау және менингит болса, қазір ішек инфекциясы. Сондай-ақ, шешек инфекциясы өте өршіп кетті. Бізде бұл дертке вакцинация жоқ, бірақ шетелде шешекке қарсы вакцинация жүргізіледі. Сондықтан, менің ойымша, біздің елдің екпе күнтізбесінде жақында балаларға шешекке қарсы вакцинация пайда болады деп ойлаймын.

- Ата-аналар белгілі бір қауіпті инфекциялар туралы ең алдымен нені білуі тиіс? Олар балаларын осы аурулардан қалай қорғай алады?

- Мен БАҚ-та жиі сөз сөйлеймін және дәрігерлерге дәріс оқимын. Біз әрқашан барлық қауіпті инфекциялардан жалғыз қорғаныс вакцинация деп айтамыз. Егер сіз екпелер күнтізбесін алсаңыз, бізде перзентханада балалар гепатитке, туберкулезге қарсы егіледі, содан кейін әрбір есептік айда 15-17 жасқа дейін біздің балалар басқарылатын инфекцияларға қарсы егіледі. Бұл қызылша, дифтерия, көкжөтел, паротит, пневмококк инфекциясы, гепатит. Яғни, барлық ауыр дерттер мен барлық жұқпалы аурулар бізде басқарылады және олар вакцинацияланады. Сондықтан ата-аналар балалардың бәрін вакцинациялау керектігін білуі тиіс. Барлық педиатрлар, барлық қызметтер мен эпидемиологтар балалардың уақытыл вакцинацияланғанын қадағалайды. Әрине, екпеден бас тартатын адамдар бар. Бірақ содан кейін балалар ауырып қалуы мүмкін. Мұнда тіпті өлім жағдайлары болған мысалдар да жеткілікті. Сондықтан ата-аналар вакцинация күнтізбесін нақты ұстануы керек.

- Вакцинация қаншалықты маңызды?

- Егер бала дифтериядан, көкжөтелден, гепатиттен вакцинацияланған болса, онда мұндай бала қорғалған. Егер бала вакцинацияланбаса, онда қайғылы жағдайлар болады. Мысалы, жуырда бір ата-ана баласына пневмококк инфекциясына қарсы екпе жасатпай, Шымкентке демалуға кеткен. Қайтар жолда бала кенеттен ауырып қалды. Олар Қарағандыда пойыздан шығып, баланы біздің жұқпалы аурулар ауруханасына алып келді. Бірақ баланың халі өте ауыр болып түсті де, бірір сағаттан соң қайтыс болды. Осы мысалмен біз ата-аналарға міндетті түрде вакцинациялау керектігін ескерткіміз келеді. Себебі екпе алу өте маңызды. Бала ауырып қалса да, ол жеңіл түрде өтеді. Егер бала жоғарыда аталған инфекциялардан туберкулез, гепатит, көкжөтел, дифтерия және паротит сияқты дерттерге қарсы екпе алса, онда оның асқынуы болмайды. Паротитке келетін болсақ, әсіресе ұлдарда, егер ол осы ауруға қарсы вакцинацияланбаған болса, онда ауру болашақта оның репродуктивті функциясына әсер етуі мүмкін.

- Жаңа туған нәрестелер мен балалар арасында өлімге әкелетін инфекциялар. Қазір біздің елде олармен қалай күресуде?

- Біріншіден, құрсақішілік инфекциялар өте қауіпті. Олар анадан балаға беріледі. Бізге анасы цитомегаловирустық инфекциямен ауыратын балалар жиі келеді. Созылмалы инфекциялар, токсоплазмоз және герпес инфекциясы сияқты әртүрлі инфекциялар жетерлік. Сондықтан, егер әйел жүктілікті жоспарласа, алдын ала тексеруден өткені абзал. Тек өзі ғана емес, жұбайы да тексерілуі керек. Бұл анадан балаға дерттің жұқпауы үшін маңызды. Қазір цитомегаловирустық инфекциясы бар балалар өте көп. Егер анасы емделмеген болса, онда бала дкемістікпен немесе орталық жүйке жүйесінің бұзылуымен, дамудың тежелуі, органдардың ақауларымен туылуы мүмкін. Сондықтан әрбір әйел жүктілікті жоспарламас бұрын цитомегаловирус, токсоплазмоз және герпес инфекциясы сияқты қауіпті инфекцияларға тексерілуі керек.

- АИТВ және ЖИТС. Бұл ауру қазіргі заманның обасы болып қалып отыр деп айта аламыз ба?

- АИТВ және ЖИТС ол әрқашан болған және бар ауру. АИТВ – бұл адамның иммунитеті толығымен зақымданған және ол кез-келген адам сияқты өзін вирустық инфекциядан қорғай алмайды және адамда жедел иммун тапшылығы болады. Олардың кез-келген басқа инфекциядан, мысалы, туберкулез немесе пневмония немесе басқа да жұқпалы аурулардан өліп кетуі әбден мүскін. Әрине, мұндай науқастар бар, тіпті мұндай аналардан туылған балалар да бар. Бұл көбінесе есірткіге және жыныстық қатынасқа байланысты болды. Ал қазіргі күні біз 20-шы ғасырдағы обаға маймыл шешегін жатқыза аламыз. Бұл ауру негізінен Африка елдерінде таралады. Бірақ соңғы уақытта Еуропада жағдайлар болды. Негізгі себеп теріс бағдарлы өмір салтын ұстануға байланысты. Сондықтан 20-шы ғасырдың обасы, АИТВ мен ЖИТС-тен басқа, қазір маймыл шешегі деуге әбден болады.

- Туберкулез және гепатит сияқты аурулар бойынша көрсеткіштер қандай?

- Жоғарыда айтқанымдай, балаларды перзентханада және егу күнтізбесінің мерзімі бойынша вакцинациялайды. Сондықтан қан арқылы берілетін В гепатитімен ауыратындар қазір өте аз. Себебі біз оларды вакцинациялаймыз. Бірақ А гепатиті бар, ол ауа немесе байланыс арқылы беріледі. Гепатиттің бұл түрі В типіне қарағанда ауыр емес, бірақ оған қарсы вакцина жоқ. Бірақ бұл да ауыр дерт, пациент оның ауырып жатқанын білмей қалуы, содан кейін асқынулар пайда болуы мүмкін. Туберкулезге келетін болсақ, мен фтизиатр емеспін, бірақ, бізде туберкулезбен ауыратындар көп емес деп айта аламын. Бұл ауруға қарсы вакцинация жүргізіледі.

- Қандай да бір қауіпті инфекцияларды емдеудің жаңа, ең бастысы, тиімді әдістері пайда болды ма?

Вирустарға қарсы арнайы ем әлі ойлап табылған жоқ. Ондай ем табылса, дүние жүзінде онкологиялық дерттер де жойылар еді. Себебі онкологиялық аурулар да вирустан туындайды. Кез-келген ел коронавирус пен ауыр онкологиялық ауруларды жеңуге тырысып жатыр. Біздің елге келетін болсақ, мен Бакуде баяндама жасағанда, конференцияға қатысушылар бізде коронавирусқа қарсы KazVAC вакцинасы бар екеніне таң қалды. Мұның үлкен мәні бар деуге болады. Біздің ғылым алға ұмтылып келеді. Жақында аса қауіпті инфекциялар бойынша зертханалар қайта ашылады. Бұл сібір жарасы, оба және т.б. сияқты инфекциялардың алдын алуға септігін тигізеді. Яғни, ғылым бір орында тұрған жоқ. Біз дамып жатырмыз!

- Сұхбатыңызға рахмет!


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT