Елімізде жер қойнауын пайдалану құқығын беруге 40 аукцион жарияланды
2022 жылғы 23 маусым 17:28

Елімізде жер қойнауын пайдалану құқығын беруге 40 аукцион жарияланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда көмірсутек бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған 281 келісімшарт бар. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда көмірсутек бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған 281 келісімшарт жасалды. Оның ішінде барлау бойынша 40 келісімшарт, барлау мен өндіру - 135, тек өндіру – 96 және өнімді бөлу туралы 10 келісімшарт бар. 2020 – 2021 жылдары жер қойнауын пайдалану бойынша геологиялық барлауға шамамен 174,0 млрд теңге инвестиция құйылды. Жекелеп айтқанда 2020 жылы – 95,0 млрд теңге, ал 2021 жылы – 79 млрд теңгені құрайды», - деді Асхат Хасенов ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен геология саласын дамыту тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында.

Вице-министрдің айтуынша, геологиялық барлауға инвестиция тарту үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион өтіп тұрады.

«Аукцион толық автоматтандырылған және электрондық алаң арқылы әлеуетті инвесторлардың қатысуымен өтеді. Биыл 21 сәуірде біздің министрлік көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге кезекті 40 аукцион жариялады. Барлық ұсынылған жер қойнауы учаскелері бойынша жиынтық сома 2,9 млрд теңгені құрап отыр», - дейді ол.

Одан бөлек, министр орынбасары биыл 22 шілдеде тағы аукцион өтетінін айтты.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT