Еуразиялық экономикалық одақ қызметін трансформациялау қажет – ҚР Премьер-Министрі
2022 жылғы 21 маусым 16:10

Еуразиялық экономикалық одақ қызметін трансформациялау қажет – ҚР Премьер-Министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сейсенбі, 21 маусымда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Минск қаласында өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында сөз сөйледі.

Шараға Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей Үкіметтерінің басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов өз сөзінде бүгінде әлемдік сауданың елеулі өзгерістерге ұшырап отырғанын атап өтті.

«Шиеленістің күшеюі, пандемия дағдарысы, жаһандық сауда-саттық және логистикалық байланыстардың үзілуі, гиперинфляция біздің елдердегі тауар өндірушілерге де, қызмет көрсетушілерге де кері әсерін тигізді. Ерекшелігі сол, дағдарыс ауыртпалығы шағын, орта және ірі бизнес нысандарының барлығына да түсіп отыр», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Қазақстан Үкіметі басшысының пікірінше, қазіргідей қиын-қыстау жағдайда өңірлік бірлестіктер туындаған проблемаларды шешуде жетекші рөл атқарады.

Ол жаңа көлік артерияларын құру және дамыту жолымен Еуропа мен Азияның жүктерін ЕАЭО елдеріне тасымалдау және сол елдердің аумағы арқылы тасымалдау уақытын қысқарту мен жеңілдетудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Жаңа жағдай» Еуразиялық экономикалық одақ қызметін трансформациялауды қажет етеді», — деген Әлихан Смайылов бұл бағыттағы басым міндеттерді атап көрсетті.

ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, ЕАЭО өңірінің бизнесті дамыту үшін әлеуеті зор, алайда бұған көбінесе келісім-шарттық базаның жетілмегендігімен және елдік протекционизммен байланысты кедергілер бөгет жасап отыр.

«Экономикалық бірлестіктің жетістігі оның барлық мүшелерінің іс-әрекетіне байланысты. Өздеріңіз білетіндей, қандай да бір кедергілер тосқауылдың туындауына себеп болады. Мемлекеттеріміздің экономикасының өсуі мен азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды шарты болып табылатын еркін нарықты қамтамасыз етуде күш-жігерді біріктіруіміз қажет», — деді ҚР Үкіметінің басшысы.

Сондай-ақ құрамдас бұйымдарды, шикізатты және дайын өнімдерді жеткізудегі іркілістер өнеркәсіп кооперациясының жеткіліксіз деңгейде екенін көрсетіп берді.

«Іс жүзінде өнеркәсіптің барлық салаларында – машина жасау мен жоғары технологиялық салалардан бастап тамақ өнімдері мен медициналық бұйымдар өндірісіне дейін нақты кооперациялық жобалар қажет. Инновациялық және бәсекеге қабілетті өнім жасау үшін нақты жобаларға көңіл бөлуді ұсынамын», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі қазақстандық бизнес үшін аса маңызды мәселелердің бірі ЕАЭО-ның барлық аумағы бойынша кедергісіз транзитті қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Осыған байланысты ол әріптестерін жеделдетілген және оңайлатылған транзитті, оның ішінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып қамтамасыз ету мәселесінде неғұрлым икемді және сындарлы болуға шақырды.

«ЕАЭО мүшелері Бірлестіктің негізгі қағидаттарына беріктігін сақтаған жағдайда, қазіргідей күрделі кезеңде еуразиялық экономикалық интеграцияның барлық қатысушылары үшін тиімді болатынына сенімдімін. Бұл ретте барлық елдерге тиімді болатын даму жолына түсуі үшін ұлттық мүдделер мен интеграциялық процестер арасындағы теңгерімді табу қажет», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT