Еуропада қазақстандық жүк тасымалдаушыларға ешқандай кедергі жоқ - СІМ
2022 жылғы 3 наурыз 14:45

Еуропада қазақстандық жүк тасымалдаушыларға ешқандай кедергі жоқ - СІМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігі ресейлік көлік-логистикалық компанияларға салынған санкцияның халықаралық жүк тасымалдайтын қазақстандық кәсіпорындарға ықтимал теріс әсеріне қатысты ахуалды мұқият қадағалап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отандық кәсіпкер, «Kusto Group» компаниясының негізін қалаушы-серіктесі Қ. Көпбаевтың қазақстандық тауарларды халықаралық және еуропалық теңіз порттары арқылы тиеу мен тасымалдауда туындаған қиындықтар туралы сауалын назарға ала отырып, Қазақстанның шетелдік мекемелері қажетті байланыстар орнатып, негізгі еуропалық порттардың (Зебрюгге, Антверпен, Мууга, Рига, Вентспилс, Лиепая және т. б.) әкімшіліктерімен консультация өткізді.

Алынған ақпарат бойынша, қазіргі уақытта қазақстандық жүк тасымалдаушылармен жұмыс істеуге қандай да бір шектеулер жоқ.

Сонымен қатар, қазақстандық тауарларды тасымалдауда кідірістердің пайда болу жағдайлары қолданыстағы логистикалық тізбектердің тығыз өзара байланысын ескере отырып, ресейлік компанияларға қойылған шектеулермен байланысты болуы мүмкін.

Отандық компанияларда халықаралық сақтандырудан бас тартылған ресейлік кемелерде жүктерді тасымалдау кезінде қиындықтар туындауы мүмкін.

Қазақстандық жүктер мен тауарларды тасымалдауды кешіктірудің нақты фактілері анықталған жағдайда Сыртқы істер министрлігі ҚР шет елдердегі мекемелерімен бірлесіп, туындаған мәселелерді жедел шешуге көмек көрсетуге дайын.

Осыған байланысты, «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ тәулік бойы жұмыс істейтін Call-орталығына келесі нөмір бойынша хабарласуды сұраймыз +7 7172 620 620.

Жалпы, алдын алу шарасы ретінде Сыртқы істер министрлігі мен шетелдік мекемелер қалыптасқан геоэкономикалық жағдайда қазақстандық бизнестің сауда-экономикалық қызметі үшін жағымсыз салдарларға жол бермеу мақсатында саяси деңгейде шетелдік серіктестермен түсініктеме жұмысын жүргізіп жатыр.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT