Гендер және БАҚ: әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тақырыбы қалай жазылуы керек
2022 жылғы 18 маусым 11:05

Гендер және БАҚ: әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тақырыбы қалай жазылуы керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қоғамдық мүддеге қызмет ететін журналистика әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресте маңызды тетік болып саналады. Соңғы бірнеше жылда әлемнің көп бөлігінде жағдай жақсарғанымен, гендерлік зорлық-зомбылық мәселесі әлі күн тәртібінен түскен жоқ. ІІМ мәліметінше, 2021 жылы елімізде отбасылық жанжал кезінде 50-ге жуық әйел қаза тауып, 300-ден астамы ауыр жарақат алған. Осы тұста бұл проблема отандық БАҚ-та қалай көрініс тауып жүр деген сұрақ туындайды. Көптеген сарапшы әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық жарияланған күннің өзінде көбіне «отбасылық іс» не «жеке мәселе» ретінде сипатталады. Я болмаса, өміріне қауіп төндіретін проблема ретінде көрсетілмейді, керісінше қоғамның қызығушылығын тудыру мақсатында жасалатынын айтады.

Гендерлік зорлық-зомбылық туралы хабардар ету, оны жариялау және күресу үшін дұрыс ортаны құрудағы БАҚ-тың, редакция мен журналистің рөлі қандай? Гендерлік теңдік және зорлық мәселесі қалай жазылып жүр? Журналистерге арналған этикалық кодекс не дейді? Отандық медиадағы әйелдің портреті қандай? Гендерлік зорлық-зомбылықтың қай түрі отандық медиада көбірек кездеседі? Медиа гендерлік теңшіл қоғам орнату үшін не істеуі керек? Міне, осы сауалдар төңірегінде гендерлік теңдік және зорлық-зомбылық, гендерлік экономика тақырыбын зерттеп жүрген мамандармен әңгімелескен едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Журналист пен редакцияның жауапкершілігі

Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейі, қалыптасып қалған дәстүрлі патриархалды нормалар мен стереотиптер Қазақстанда гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отырғанын айтады. Олардың сөзінше, жылдар бойы санамызға сіңіп қалған нормалар мен таптаурындарды бұзып, жаңаша көзқарас қалыптастыруда медианың атқаратын рөлі зор. Бұл пікірмен феминист, қоғам белсендісі, гендерлік экономика зерттеушісі Әйгерім Құсайынқызы да келіседі. Оның айтуынша, біздегі үлкен проблема - журналистер мен редакцияның гендерлік-нәзік тақырыптар жайлы жазғанда этика мәселесін толық біле бермеуінде. «Біздің медиада көп жағдайда қорлау, өшпенділік, адам құқығына қайшы тілді қолданады, тіпті кейбірі әйелді кемсітіп те жатады. Статитискаға назар аударсақ, елімізде зорлық-зомбылық көретіндердің 75%-ы әйелдер, жыл сайын 5%-ға көбейіп не азайып отырады. Ал 20%-ы - еркектер, 5-10%-ы - балалар. Бізде, мәселен, медиада «Күйеуі әйелін сабады» деген тақырып қойылып, материалдар жарияланады. Ол материалдарға назар аударсаңыз, кейде әйелді ұруды ақтау немесе әйелді ұрған еркекті жақтау бағытында жазылғанын көресіз. Бұл мұндай сезімтал тақырыптарды жазуда редакцияның не журналистің этика мәселесінен бейхабар болуында деп ойлаймын»,-деді сарапшы.

Қоғам белсендісі, FemAgora, TEDxWomen жобаларын ұйымдастырушыларының бірі Лейла Махмудова да гендерлік зорлық-зомбылық жайлы жазатын журналистер мен редакцияға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтып өтті. «Әсіресе, қоғамда бұл тақырыптың қалай қабылданатыны, зәбір көрген әйелдің өзін қауіпсіз сезінуі БАҚ-тағы материалдардың мазмұнына байланысты. Менің ойымша, гендерлік зорлық-зомбылық мәселесін көтеретін журналистер мен редакторлардың басты қателігі – зорлық көрген адамды кінәлауы және оған жауапкершілік жүктеуі. Бізде әдетте әйелдердің зорлық-зомбылық көргені туралы жазылады, бірақ зорлық көрсеткен адамға қандай жаза қолданылғаны, оның ісінің салдары қандай болғаны жөнінде өте сирек талқыланады, яғни әрі қарай зерттеу жұмыстары жасалып, талданбайды»,-деді қоғам белсендісі.

Әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының саны

Кейбір сарапшылар БАҚ-тағы мұндай олқылықтарды медиада топ менеджменттегі әйелдердің аз болуымен байланыстырады. Алайда Әйгерім Құсайынқызы бұған қатысты зерттеу әлі күнге жасалмағанын айтып өтті. Десе де оның пікірінше, редакция басшылары қатарында әйелдер саны көп болса, гендер мен зорлық мәселесі басқаша талданар еді.

«Редакция басшысының әйел болуы гендер және әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тақырыбының дұрыс жазылуына қалай әсер ететіні жайлы әлі зерттеу жасалған жоқ. Мәселен, бізде «медиада басшылық қызметте отырған әйелдер саны қанша және әйелдерге қатысты тақырыптарды қалай ашады» деген бағытта зерттеу жоқ. Мен санаулы басылымдарды білемін, олардың басшысы әйелдер және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тақырыбын да көтеріп жүрген солар. Ал топ менеджментінде ер адамдар отырған медиада бұл тақырып онша ашылмайды деп ойлаймын. Мәселен, өткенде лифтідегі әйелін күйеуі ұрғаны туралы жаңалықты қай медиа қалай жазғанына қатысты сараптама жасауға болады. Меніңше, бұл жерде корреляция бар. Медиада әйел басшы болса, бұл тақырып бойынша сезімталдық бар деп ойлаймын, бірақ бұл зерттеуді қажет етеді»,-деді сарапшы.

Гендерлік зорлық-зомбылық тақырыбы қалай жазылуы керек?

Феминист Лейла Махмудованың сөзінше,журналистердің немесе редакцияның гендерлік зорлық-зомбылық тақырыбын қалай жазу керек деген арнайы міндеттемелер жоқ. «Тек үкіметтік емес ұйымдардың, бірлестіктердің немесе ЕҚЫҰ, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың дайындаған ұсыныстары бар. Олар тек кеңес беру, ұсыныс айту деңгейінде ғана әзірленген. Ал қауіп-қатерді азайту, гендерлік зорлық-зомбылықты бастан кешірген адамдардың жағдайын одан әрі ушықтырмау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты арнайы міндеттемелер жоқ»,-деп толықтырды қоғам белсендісі.

2019 жылы ЮНЕСКО «Әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылықтың БАҚ-та жариялануы: Журналистерге арналған нұсқаулық» (Reporting on violence against women and girls: a handbook for journalists) жарыққа шығарды. Мұнда әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты БАҚ беттерінде жазуға, жариялауға байланысты кеңестер ұсынылады.

Ал жуырда елордадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырған ProGENDER онлайн-курсында Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің қауымдастырылған профессоры, медиазерттеуші Молдияр Ергебеков осы тақырып бойынша қандай басты мәселелерге назар аудару қажеттігін айтып өткен еді. Оның айтуынша, әйелге бағытталған зорлық-зомбылық оқиғаларын тақырып ететін ақпараттар сәнделмеуі, боялмауы керек. «Оны трагедияға, драмаға, романтикаға айналдырмауымыз қажет. Мұның фемицид (әйелді жою) екені міндетті түрде айтылуы тиіс. Фемицид оқиғасы өзге де қылмыстық оқиғалар сынды берілмеуі керек. Бұл ұғымды ақпараттың тақырыбы етіп беру қажет. Өйткені фемицид ұғымын кілттік сөз ретінде қолдану, әйелдерге бағытталған кісі өлтіру оқиғаларына қоғамның назарын аудару тұрғысынан өте маңызды»,-деді ол.

Сонымен қоса медиазерттеуші фемицид үнемі ақпаратта беріле берсе, ол қоғамда нормаға айналып кету қаупі де бар екенін айтты. «Сондықтан да кей оқиғаларды ақпаратқа айналдырудың қажеті жоқ. Алайда «оқиғаға бағытталған» ақпарат берілмесе де, оған байланысты сот үдерісін, сарапшы пікірлерін, жасалған зерттеулер мен статистиканы және фемицидке қарсы акцияларды үнемі ақпарат етіп беру керек. Осылайша бұл тақырып қоғамның күн тәртібіне сауатты түрде енгізілетін болады»,-деп түсіндірді.

Журналистерге арналған этика кодексі не дейді?

Лейла Махмудованың сөзінше, еліміздегі журналистерге арналған этика кодексінде зорлық-зомбылықтың кез келген түрін жариялауға қатысты, соның ішінде гендерлік зорлық-зомбылық тақырыбын жазу кезінде нені ескеру керегіне назар аударылмаған. «Гендерлік сәйкестендіру (identity), дискриминацияға да қатысты ештеңе жоқ. Аталған құжатқа гендерлік зорлық-зомбылықты жариялауға қатысты ұсыныстар енгізіліп, оның тәжірибеде қолданылуына мониторинг жасалуы үшін арнайы комиссия не комитет құрылуы керек. Сонда ғана гендерлік зорлық-зомбылыққа қатысты материалдардың қалай жазылу керегі жүйеленеді»,-деп түсіндірді сарапшы.

Дегенмен Әйгерім Құсайынқызы патриархал қоғамның құндылықтарымен тәрбиеленген ұрпақтың гендерлік стереотиптерден арылуы бір күндік шаруа емес екенін тілге тиек етті. «Бұл – үлкен процесс. Ғасырлар бойы қалыптасқан патриархалды қоғамның, патриархалды тәрбиенің нормасымен өсіп-жетілген журналистерден бір-екі жылда гендерлік тақырыптарда бейтарап болуын талап ету орынсыз. Оларға толерантты қарауға тырысуымыз керек. Бірақ біз оқырман ретінде БАҚ өкілдері көзқарасының заман талабына сай өзгеруін және адам құқығына қайшы келмеуін қадағалауымыз қажет. Өйткені БАҚ өкілдері қоғамдағы пікірді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан олар бейтарап болуға, обьективті ақпарат таратуға ұмтылуы қажет. Ал жалпы медиадағы гендерлік стереотиптердің қалай қолданылатынын 10 балдық жүйемен бағалап көрсек, біздегі жағдайға 4-4,5 балл қоятын едім»,-деді ол.

Ал Лейла Махмудова Гендерлік зорлық-зомбылықты жазу кезінде бұл мәселені қоғамның дұрыс қабылдауы, азаматтар арасында дұрыс түсінік қалыптастыру үшін редакциялар арнайы принциптер мен стратегияларды әзірлеуі қажет деп атап өтті. «Тым болмағанда бір редакцияның журналистері мен қызметкерлері осындай принциптер мен стратегияларды негізге ала отырып, материал дайындаса, соның өзі азаматтар арасында дұрыс көзқарас қалыптасуына ықпал етер еді. Кейіннен оны ұжым болып, жаңа жағдайларды ескеріп, жетілдіре береді»,-деп пікір бөлісті.

«Қазақстандық медиада физикалық зорлық көбірек көрініс табады»

Жалпы мамандар әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты төрт түрге бөліп қарастырады. Олар – психологиялық, жыныстық, экономикалық және физикалық. Феминист Лейла Махмудованың пайымынша, отандық БАҚ-та ең көп жарияланатын зорлық түрі – физикалық зорлық-зомбылық. «Себебі физикалық зорлықтың салдары көзге бірден түседі. Ал экономикалық және психологиялық зорлық-зомбылық бірден көрінбейді. Одан кейін адамдар олардың қандай болатынынан, қалай көрінетінінен де бейхабар. Сондықтан да шағымдана бермейді, сол себепті де жариялану ықтималдығы аз»,-деді ол.

Сонымен қоса екі сарапшы да бізде күйеуінің әйеліне жыныстық зорлық көрсетуін зорлық-зомбылық деп қабылданбайтынын, қылмыстық кодексте бұған қатысты жеке бап жоқ болғандықтан, мұндай оқиға да жарияланбай қалатынын баса айтып өтті. «Жыныстық зорлық-зомбылық та әртүрлі болады. Мәселен, некеде әйелінің келісімінсіз жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу де зорлық-зомбылық болып саналады. Алайда бұл туралы да аз айтылып, аз талқыланады. Өйткені көп адам мұның да зорлық-зомбылыққа жататынын біле бермейді. Бізде көбіне тек басқа адамдардың, алыс-жақын туыстардың жыныстық зорлық көрсетуі ғана жиі жазылады. Ал көп адам некедегінің зорлық екенін түсіне бермейді»,-деді Лейла Махмудова.

Кестеде соңғы 12 ай ішінде жыныстық серіктесі тарапынан күш көрсету немесе сексуалды зорлық-зомбылыққа душар болған 18-49 жастағы әйелдердің үлесі көрсетілген


Халықаралық құқықтанушы Әйгерім Құсайынқызы да бұл пікірмен келіседі. Оны жариялайтын тек медиа ғана емес, оның қатарында прокуратура, ІІМ де бар. «Статистика бойынша да физикалық зорлық-зомбылық көп жарияланады, ал басқа түрлерін жасыруға тырысамыз. Тіпті психологиялық, эмоционалды түрін зорлық-зомбылық деп қарастырмаймыз. Мұндай зорлық-зомбылық түрі учаскелік полицияға, ІІМ-ге хабарланбауы да мүмкін, сондықтан да ол медиада көрініс таппайды. Өйткені оның буллинг әрі зорлық-зомбылық екенін түсінбеуі де мүмкін. Алайда медиада жарияланбаса, ол өмірде жоқ дегенді білдірмейді»,-дейді сарапшы.

Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, елімізде экономикалық зорлық-зомбылық та көптеп кездеседі. «Біз 2019 жылы Қазақстанның төрт облысында әйелдердің экономикалық жағдайына байланысты зерттеу жүргіздік, интервью алдық. Сол кезде енесінің жұмыс істейтін келіндерінің банк картасын алып алуы не болмаса жолдасының алып алуы көп кездесті. Ондай нақты фактілер бар. Тіпті әйелін не келінін қаржылай есеп беруге мәжбүрлеуі де экономикалық зорлық-зомбылық болып саналады»,-деп нақтылап өтті.

Оның пайымынша, зорлық-зомбылықтың психологиялық және экономикалық түрі біздің медиада тіпті кездеспейді. Өйткені құқық қорғау органдарында да мұндай ақпарат, статистика жоқ. «БАҚ-та күйеуі әйелін ұрып-соғып жатқан видеоны жариялап қана қоймай, мәселе қалай шешілді, осындай болған жағдайда қайда бара алатыны жөнінде, сонымен қоса зорлық-зомбылықтан құтылған әйелдердің оқиғасын беру керек. Біздің медиада тек ақпарат ретінде шығады, әрі қарай не болды, қалай шешілді, неліктен болды деген сауалдарға жауап іздеп, талдау жасайтын материалдар жоқтың қасы»,-деді сарапшы.

Журналист зорлық-зомбылық көрген әйелмен қалай сөйлесуі керек?

Лейла Махмудованың сөзінше, гендерлік зорлық-зомбылықтан зардап шеккендермен қалай жұмыс істеу керек деген сұраққа нақты жауап жоқ. Дегенмен ол қандай мәселеге назар аудару қажеттігі жөнінде өз пікірін бөлісті. «Себебі жағдай әртүрлі болуы мүмкін. Меніңше, зорлық-зомбылық қашан болғанына, яғни бірнеше ай бұрын ба, әлде бірнеше жыл бұрын болды ма, соған назар аудару керек. Оған психологиялық көмек көрсетілді ме, жоқ па, соны да нақтылау қажет. Сонымен қоса қазіргі кезде физикалық тұрғыдан қауіпсіз жерде ме, жоқ па, туыстары, достары тарапынан қолдау бар ма, жоқ па деген секілді сауалдарды қарастыру керек. Осындай детальдарға мән берілуге тиіс. Жалпы мен әр редакцияның гендерлік сарапшымен ылғи байланыста болуына кеңес берер едім. Өйткені бұл өте нәзік тақырып болғандықтан, материал жазу кезінде сарапшымен кеңесіп дайындалғаны дұрысырақ»,-деді ол.

«Отандық медиадағы әйел бейнесі: әлсіз, жәбірленуші, зәбір көруші»

Біздің отандық медиа әйелдерді қалай бейнелейді? Осы сауалды сарапшыларымызға қойып көрдік. Лейла Махмудованың пайымынша, БАҚ-та көбіне әйелдердің екі түрлі бейнесі көрсетіледі. «Біріншісі – қандай да бір зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер. Көп жағдайда олардың аты-жөні аталмауы, бет-жүзі көрсетілмеуі мүмкін. Тағы айту керек, медиада әйелдердің осынша зорлық көрсе де күресіп жүргені, басынан өткен қиын жағдайға қарамастан, қалыпты өмір сүруге деген талпынысы көрсетілмейді. Көбіне әйелдер әлсіз, жәбірленуші ретінде ғана көрініс тауып жүр. Ал екіншісіне келсек, мұнда әйелдер барлық жетістікке өзі қол жеткізген және оларды бүкіл жағынан идеал ретінде көрсетеді. Біздің қазақстандық БАҚ-та бірінші түрі басымырақ»,-деді қоғам белсендісі.

Ал құқықтанушы Әйгерім Құсайынқызы отандық медиа әйелдерді «объективациялайды», яғни әйелді зат ретінде көрсетуге тырысатынын айтты. «Денесіне, түр-әлпетіне басты назар аудартады. Оның білімі, кәсібилігі ешкімді қызықтырмайды. Бұл журналистерде ғана емес, дизайнерлерде де бар проблема. Мәселен, көпбалалы ана жайлы материалға кимешек киген әйелдің суретін, ал феминист қыздар туралы мақалаға шашы қысқа, боянған, ашулы әйелдің суретін қолдануы мүмкін. Жарнамаларда да әйелдің денесін еркектерге ләззат сыйлауға міндетті машина ретінде көрсеткілері келеді»,-деп баға берді.

Оның сөзінше, жалпы мақаланы, суретті беру жағынан да журналистер анализ жасауы керек. «Мәселен, бүгін он мақала шығып, оның бесеуі әйелдер туралы болса, әйел қалай суреттелді, ақпарат бейтарап берілді ме, әлде журналист сол әйелге қатысты субьективті пікірін қосты ма, міне, осының барлығына сараптама жасалуы қажет»,-деп түйіндеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда қайда бару керек?

Сөз соңында зорлық-зомбылық құрбаны болған жағдайда қайда барып, қайда хабарласу керегіне қатысты мамандардың кеңесін ұсынамыз:

- дереу полицияға 102 телефонына хабарласу керек

- жарақат алған жағдайда 103 телефонына хабарласып, жедел жәрдем шақырып, сот-медициналық сараптамадан өтуге полиция қызметкерінен анықтама алу керек

- республикада балалар, жастар мен ересектерге зорлық-зомбылық көрсетілген жағдайда 150 сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Сауалдарды telefon150.kz сайтында немесе +77081060810 whatsapp анонимді нөмірі арқылы жолдауға болады.

Еске салайық, жуырда БАҚ-та отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарын анықтаудың алгоритмі әзірленгені хабарланды. Енді отбасында зорлық-зомбылық көріп жүрген жандардың полицияға арнайы құпия сөз арқылы басында болған жағдай туралы айтуға мүмкіндігі бар. Құпия сөзді полиция инспекторларынан сұрап біле алады.

Назерке Сүйіндік


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT