Инфаркт алған науқастар оңалтудан өтуі керек - кардиолог

2022 жылғы 24 қыркүйек, 18:05
Инфаркт алған науқастар оңалтудан өтуі керек - кардиолог

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Миокард инфарктісін бастан өткерген және кардиологиялық оңалту бағдарламасына енген пациенттерде өлім-жітім 63%-ға төмендейді. Бұл туралы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология және оңалту бөлімшесінің дәрігері Әсел Ілиясова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің сөзінше, кардиологиялық оңалтудың негізгі міндеті – пациенттің өмір сүру сапасын жақсарту. Дәрілік терапиямен қатар, қауіп факторларын жою, оның ішінде өмір салты мен тамақтану режимін өзгерту, жаттығу жасауды бастау керек. Пациенттерге психологиялық қолдау қажет.

«Физикалық белсенділіктің болмауы сырқат адамдарда ғана емес, сау адамдар арасында да ауыру мен өлімнің ең күшті болжамы ретінде танылды. Миокард инфарктісін бастан өткерген және кардиологиялық оңалту бағдарламасына кірген пациенттерде өлім-жітім 63%-ға төмендейтіні дәлелденді», - дейді дәрігер.

Сонымен қатар, ол жедел миокард инфарктінен кейін пациенттер оңалтуға міндетті түрде жіберілуге тиіс екенін атап өтті. Қазақстанда барынша танылған әлемдік практика ретінде кардиологиялық оңалтудың үш кезеңдік жүйесі қабылданған.

«I кезең жедел миокард инфарктісімен ауруханаға жатқызу кезінде қарқынды терапия бөлімшесінде бірінші тәулікте науқасты белсенділендіруден басталады. II кезең – стационарлық кезең. Бұл – науқастың әдеттегі өмір салты мен жұмысына оралуы үшін, дәрі-дәрмектік терапияға және өмір салтын өзгертуге үйретуге, қауіп факторларын түрлендіруге бағытталған кешенді оңалту. III кезең – пациенттің реабилитолог дәрігермен амбулаториялық жұмысы. Ол дене белсенділігін нығайтуға және жақсартуға бағытталған», - деді спикер.

Айтуынша, кардиологиялық оңалту науқастардың қайта еңбекке оралуын 30-70%-ға дейін арттырады.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar