Инфляцияны тежеу жұмысын күшейту қажет – Әлихан Смайылов
2022 жылғы 14 маусым 11:06

Инфляцияны тежеу жұмысын күшейту қажет – Әлихан Смайылов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтуі қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«5 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 4,6 пайызға өсті. Оған негізінен нақты сектордың қарқынды дамуы, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай үлес қосты. Өсім тіркелген негізгі салалар – азық-түлік өнімдері - 3, сусын өндірісі - 18, жеңіл өнеркәсіп - 8, химия өнеркәсібі - 11, резина және пластмасса бұйымдарын шығару - 11 пайыздан асты. Сондай-ақ, мұнай өңдеу - 8, жиһаз және машина жасау өнімдері - 10, фармацевтика - 5 пайызға өсті», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің дерегінше, тау-кен өнеркәсібіндегі 4 пайыз өсім табиғи газ, мұнай, көмір және металл кенін өндіру есебінен қамтамасыз етілді.

Құрылыс саласы да 9 пайызға жуық тұрақты өсім көрсетіп отыр.

Құрылыс материалдарының өндірісі 5 пайызға өсті. Қызмет көрсету секторында сауда - 11, көлік саласы - 8 және байланыс - 7 пайыздан астамға артты.

«Биыл 5 айдың қорытындысына сәйкес Ақмола, Алматы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласы мен елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім тіркеліп отыр. Жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер осы жұмыс қарқынын сақтауы керек. Ол үшін экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды жалғастыру қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы мамыр айының қорытындысында елдегі жылдық инфляция 14 пайызды құрағанына назар аудартты.

«Оның ішінде азық-түлік инфляциясының деңгейі 19 пайызға жетті. Бұған ең алдымен, азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі әсер етіп отыр. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтіп, пәрменді іс-шаралар қабылдауы тиіс», - деді Премьер-Министр.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT