Қағаз басылымдардың дәуірі өтіп барады, заман талабына бейімделу қажет - ардагер журналист
2022 жылғы 28 маусым 15:30

Қағаз басылымдардың дәуірі өтіп барады, заман талабына бейімделу қажет - ардагер журналист

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ғылым мен техниканың шарықтап дамуы қоғамымызды адам танымастай етіп өзгертіп жіберді. Интернеттің барша адамдарға қолжетімді болуы газет-журнал сияқты дәстүрлі ақпарат құралдарын ғана емес, теледидарды да ақырындап ығыстырып, интернет ресурстарын бірінші орынға шығаруда. Жастардың арасында газет-журнал оқымайтын, теледидар қарамайтындар бар. Яғни, олардың бәрі ақпаратты интернеттен алады деген сөз. Қоғамымызда болып жатқан осындай өзгерістерге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының болашағы қандай болмақ деген мәселе төңірегінде ардагер журналист Қалкөз Жүсіпті әңгімеге тартқан едік.

- Қалкөз аға, сіз көп жылдар бойы республикалық «Заң» және Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде қызмет істедіңіз. Дәстүрлі басылымда істей жүріп, қазір енді түгелдей сайтқа ауысыпсыз. Бұның себебі неде, газет-журналдың болашағы туралы не айтасыз?

- Мен өткен жылы жазда жасым 63-ке толған соң зейнет демалысына шықтым. Содан кейін жастармен жағаласпайын деген оймен, жұмысты толайым тастадым. Міне, содан кейін қолым босаған соң уақытымды түгел өзімнің жеке сайтыма арнайтын болдым. Бұл бір жағынан рухани қанағат әкелетін ермек болса, екінші жағынан тәп-тәуір табыс түсіріп тұрады. Яғни, менің қазіргі жұмысым - жеке сайтымды жүргізу.

Газет-журналдардың болашағы қандай, деген мәселеге келетін болсақ, дәстүрлі ақпарат құралдарында, оған қоса сайттарда жүргізген жұмыс тәжірибеме сүйене отырып, қағаз басылымдардың заманы өтіп барады десем, артық айтқандық болмайды деп ойлаймын. Кез келген республикалық немесе облыстық газеттің қазіргі деңгейі кеңес заманындағыдан әлдеқайда төмендеп кеткен. Қызметкерлер саны, шығу жиілігі, таралымы – бәрі кеміген.

Қазір аудандық, қалалық газеттердің жағдайлары да дәл осындай. Аудандық газеттердің көбі жеке қолға өтті. Ол газеттер аптасына бір рет төрт бет болып шығады. Таралымы өте төмен, жай газет деген аты ғана бар. Міне, осы жайларға қарап отырып, газет-журналдардың келешегі қандай деген сауалдың жауабын қиналмай табуға болады. Қағаз басылымдардың заманы өтіп барады.

-Сонда не істеу қажет? Газет-журналдардың мүлдем қажеті болмай қала ма?

- Қазір жастардың басым көпшілігі, тіпті барлығы дерлік ақпаратты интернеттен алады. Қайда қарасаң, жас қыз-жігіттердің телефондарына шұқшиып әлдене оқып немесе тыңдап отырғанын көресің. Қазір жастар газет-журнал, кітап оқуды қойды. Оларды газет, кітап оқуға зорлап мәжбүрлей алмайсың. Заманның ағымы солай екен, ендеше заман талабына бейімделу қажет. Сондықтан, өз басым ешкім оқымайтын газет-журналдарды шығаруға миллиондап қаржы бөлгенше, сол ақшаны сайттарды ашып жүргізуге жұмсаған жөн деп санаймын. Қазір газет қызметкерлерінің жалақысы өзге бұқаралық ақпарат құралдарымен салыстырғанда төмен. Оған қоса, соңғы жылдары газеттің ең негізгі оқырмандары саналатын дәрігерлер мен мұғалімдерді, басқа да бюджет қызметкерлерін мәжбүрлеп жаздыруға болмайды деген пәрменнің шығуы, газеті таралымын күрт түсіріп жіберді.

Егер газетті жауып, оны түгел сайтқа көшіретін болса, баспахана, кеңсеге, поштаға төленетін шығындар болмас еді. Ол ақшаны жалақыны көтеруге, сайтты дамытатын қосымша штаттар ашып, мамандар алуға жұмсауға болады. Сайттың бар шығыны жылына бір рет төленетін хостинг пен домен ақысы ғана.

Дегенмен де қазіргі аудандық, облыстық газеттердің жағдайы енді бірнеше жылдан кейін ақырындап түгелдей сайтқа көшетінін аңғартады. Өйткені, қағаз басылымдардың жағдайы жыл санап ауырлап барады. Жергілікті билік тарапынан баспасөзге бөлінетін қаржы азаюда. Бұл қиындықтан шығар жалғыз жол – газеттерді түгел сайтқа көшіру. Уақыттың өзі осыған ақырындап әкеледі деген ойдамын.

-Жақсы, газет-журналды түгел жауып, сайтқа көштік делік. Бұдан не ұтамыз?

- Ақпарат құралдарының ең басты мақсаты мен міндеті – қоғамдық пікір қалыптастыру ғой. Қазіргі таралымы өте төмен, маман қызметкерлері жетіспегендіктен, сапасы да түсіп кеткен қағаз басылымдардың бұл міндетті өз деңгейінде орындай алмайтыны айдан анық. Егер сайтқа көшетін болса, ақпаратты тарату ауқымы еселеп артып, жеделдігі мен ақпарат сапасы да біршама жақсаратыны сөзсіз.

Мәселен, қағаз басылымдардың мүмкіндігі жетпейтін көптеген шаруаларды сайттар арқылы жасауға болады. Қазір болған шараны сол мезетінде суретімен сайтта жедел жариялай аласыз. Газетте бір ғана сурет берсеңіз, сайтта бірнеше суретті салу мүмкіндігі бар. Сонымен бірге интернет арқылы ақпарат тарату аумағы шектеусіз. Аудандық, облыстық газеттердің сайтын сол жергілікті халық қана емес, барша қазақстандықтар, тіпті әлем елдері көре алады. Тағы бір артықшылығы, жарияланған материалдар сайт мұрағатында сақталады, ешқашан өшпейді. Сондай-ақ, кейбір өткір мәселелерді жауапты мамандармен жедел бейнесұхбат өткізіп, оны сайтта жариялауға болады. Сайтта жарияланған материалдарды әлеуметтік желілер арқылы мыңдаған оқырмандары бар аудиторияға таратуға мүмкіндік бар. Яғни, сайттың ақпарат тарату, аудиторияны қамту мүмкіндігі өте жоғары.

-Әңгімеңізге рахмет.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT