Қаңтар оқиғаларына қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жіберілді, 62 адам сотталды
2022 жылғы 2 наурыз 15:09

Қаңтар оқиғаларына қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жіберілді, 62 адам сотталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар оқиғасы кезінде болған қылмыстарды тергеу барысын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жедел-тергеу топтарының өндірісінде сотқа дейінгі 3 666 тергеп-тексеру ісі бар. Терроризм актілері мен жаппай тәртіпсіздіктер туралы істерден басқа, тонау, ұрлық, қаруды ұрлау, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты күш қолдану фактілері тергелуде. Аталған санаттан 162 айыпталушыға қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жолданды. 62 адам түрлі жазаларға сотталды», - деді Е. Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының үкімімен Оңтай және Жеңісхан есімді тұрғындар «Алпамыс» аңшылық дүкенінен қару ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот аталған адамдарға бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Қаңтар оқиғалары кезінде 4 мыңнан астам адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Олардың ішінде 2402-сі – полиция қызметкерлері, 990-ы – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылған әскери қызметшілер.

«Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысқандарды анықтау және жауапқа тарту бойынша барлық қажетті шараларды атқаруда. Ақтөбе қаласында ұялы телефон бейнежазбасының арқасында И. есімді азаматтың 5 қаңтарда ВАЗ-21014 автокөлігін басқарып, облыс әкімдігі алдында полицейлерді үлкен жылдамдықпен соққаны анықталды. Нәтижесінде 4 полицей дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды. Полиция қызметкерлерінің өміріне қолсұғушылық әрекеті үшін бұл тұрғын сот санкциясымен қамауға алынды. Сонымен қатар Т. және И. есімді тұрғындар дубинкаларды пайдаланып, Алматы қаласы әкімдігінің алдында полиция қызметкерін қатты соққыға жыққан. Аталған адамдар қамауда отыр», - деді Елдос Қилымжанов.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT