Қаңтар оқиғасы Төтенше жағдай режимі туралы заңның тиімсіздігін көрсетті – құқық қорғаушы
2022 жылғы 10 ақпан 11:30

Қаңтар оқиғасы Төтенше жағдай режимі туралы заңның тиімсіздігін көрсетті – құқық қорғаушы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасы Төтенше жағдай режимі туралы заңның тиімсіздігін көрсетіп берді. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың азаматтардың өтінішерімен жұмыс жөніндегі басқарма басшысы Салтанат Нарымбетова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан аумағында төтенше жағдай режимі 5-19 қаңтар аралығында енгізілген болатын. Тиісті заңда бұл кезеңде комендантқа төтенше жағдай режимін бұзғандарды қоғамнан оқшаулауға арналған орындар жеткіліксіз болғанда қосымша ұстау орындарын белгілеу құқығын беру қарастырылған. Бірақ бұл қамауға алынған адамдардың құқықтарын сақтау туралы заң талабының күшін жоймайтынын есте ұстау керек.

Төтенше жағдай кезінде біз Төтенше жағдай режимі туралы заңның өзі тиімсіз екенін көрдік», - деді ол ҚР Паламент Мәжілісінде өтіп жатқан «Қазақстан Республикасында қылмыстық қудалау және жазаны орындау саласындағы адам құқықтары туралы» атты дөңгелек үстелде.

Құқық қорғаушы неліктен мұндай тұжырымға келгенін айтты.

«Өйткені ол заңда төтенше жағдай кезінде халыққа жедел, әлеуметтік, писхологиялық көмек көрсету туралы ережелер қарастырылмаған. Бұл заңның талаптары құқық қорғау органдарының өзіне де психологиялық көмек көрсете алмайды. Бұған қоса Төтенше жағдайлар министрлігінде бар болғаны 3 психилог қызметкердің болуы бүкіл елдегі зардап шеккендерді қойып, төтенше жағдай мамандарының өзіне де жеткіліксіз. Кеше ғана болған оқиғалар құқық қорғау органы қызметкерлерінің өзіне психологтар тарапынан тиісті психилогиялық көмек көрсетілмейтінін байқатты», - деді Салтанат Нарымбетова.

Сондай-ақ, ол қаңтар трагедиясынан бұлтарпау шараларының балама тетіктері уақтылы қолданылмағандықтан елдің наразылығы қайта күшейгенін атады.

«Біз бұған дейін де бұлтартпаудың балама механизмдері жұмыс істемей жатқанын талай айтқанбыз. Яғни, ешқайда кетпеу жөніндегі қолхат, үйқамақ, жеке кепілдік беру сияқты шараларды қамауға алу жазасының орнына қолдану сирек.

Автоматты түрде жаппай қамаулар олардың туыстарының қарсылығын туғызды. Бұл бұлтартпау шараларының тәсілдерін қайта қарау керектігін көрсетеді», -деді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT