Капитал елге қайтарылғанда рақымшылық жасалмақ – Инвестициялық саясат тұжырымдамасы таныстырылды
2022 жылғы 23 маусым 10:05

Капитал елге қайтарылғанда рақымшылық жасалмақ – Инвестициялық саясат тұжырымдамасы таныстырылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов еліміздің жаңа инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдің одан әрі инвестициялық дамуы барлық инвестициялар үшін, әсіресе еңбек өнімділігі мен экспортқа бағдарланған инвестициялар үшін тиісті орта құрумен байланысты.

Осыған орай Тұжырымдама жобасы негізгі үш бағыт бойынша құрылымдалған жүйелі сипаттағы 45 нақты іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспарын қамтиды.

Бірінші – ашық және болжамды инвестициялық саясатты қалыптастыруға бағытталатын инвестициялық экожүйені одан әрі дамыту. Осы бағыт аясында құқықтық режимді жетілдіру, сот төрелігіне сенім мен ақпаратқа қол жеткізуді жақсарту, ведомствоаралық үйлестіруді нығайту, сондай-ақ жобалар мен өндірушілерді ілгерілетудің цифрлық құралдарын жасау арқылы инвесторлар үшін институционалдық орта мен инфрақұрылым жетілдірілетін болады», - деді ол 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасының жобасын таныстыра келе.

Бірінші вице-министрдің атап өтуінше, екінші бағыт – нарықтарға қолжетімділікті жақсарту және компаниялардың қалыптасуы үшін тұрақты және ауыртпалық салынбайтын жағдайлар жасауды көздейтін жеке сектордың инвестициялық белсенділігінің өсуіне жәрдемдесу. Оның аясында мынадай іс-шаралар жоспарланған:

- банктерді, мемлекет қатысатын қорларды, квазимемлекеттік сектор компанияларын және тағы басқасын қоса алғанда, стратегиялық және бөлшек инвесторлар тарапынан қаржыландыруды, оның ішінде әріптестік қаржыландыруды тарту;

- қазақстандық қор нарығын капиталдың халықаралық нарықтарына интеграциялауды және ілгерілетуді және сыртқы портфельдік инвестициялар тарту;

- мемлекеттік-жекешелік әріптестіктегі тәсілдерді кешенді реформалауды ескеру;

- ESG стандарттарының қолданудың өсіп келе жатқан үрдісінің маңыздылығын ескере отырып, орнықты даму жобаларына инвестициялар тартуды ынталандыру.

Ал үшінші бағыт – экономиканың инвестициялық әлеуетін ашу.

Бұл бағытта мынадай іс-шараларды іске асыру көзделген:

- тиімсіз меншік иелерін ауыстыра отырып, дәрменсіз кәсіпорындардың нарықтан жедел шығуы үшін банкроттық рәсімдерін оңайлату;

- капиталдар ел экономикасына қайтарылған жағдайда оларға рақымшылық жасау;

- қазақстандық компанияларды шетелдік юрисдикциялар мен офшорлық аймақтардан АХҚО юрисдикциясына ауыстыру және тағы басқалары.

«Жалпы тұжырымдама жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға және жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу ESG талаптарын күшейту жағдайларында елдің тартымдылығын арттыруға бағытталған жүйелі шаралар іске асырылатын болады», - деді Тимур Жақсылықов.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT