«Қарағанды – Балқаш» трассасын жөндеу қашан аяқталады
2022 жылғы 23 маусым 12:37

«Қарағанды – Балқаш» трассасын жөндеу қашан аяқталады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қарағанды – Балқаш» автожолын жөндеу келесі жылы аяқталады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды – Балқаш» тасжолын жөндеу жоспар бойынша 2023 жылы аяқталады. Бүгін таңертең «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшылығымен сөйлестім, жолды биыл қолдануға береміз деп отыр. Ал толықтай, тиісті инфрақұрылыммен 2023 жылы қамтылады. Бұл жол Қарағандыдан Балқашқа, одан әрі Жамбыл облысына қарасты Бурылбайталға апарады», - деді Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ облыс басшысы өңірде тағы бірнеше бағыт бойынша жолдарға жөндеу жүретінін айтты.

«Алдағы бір айдың ішінде «Қарағанды - Қарқаралы» бағытындағы жолға орташа жөндеу жұмысы басталады. 10 шақырым жолға жөндеуді біз жүргіземіз. Сонымен қатар республикалық маңызы бар 20 шақырым жолды «ҚазАвтоЖол» жөндейді. Аталған автожолдардың жөнделуін Қарқаралы мен Бұқар жырау ауданының тұрғындары көптен күтіп отыр. Биыл сәуір, мамыр айында осы жолдардың сапасына қатысты сұрақтардың жиілегені рас. Келесі бағыт Жезқазғанға апаратын жол. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, жолдың жобалық-сметалық құжаты биыл дайын болады. Содан соң жөндеу жұмысы басталмақ», - дейді ол.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT