Қарағандылықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды
2022 жылғы 1 маусым 02:25

Қарағандылықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Қарағандыда митинг-реквием ұйымдастырылды. Дәстүр бойынша іс-шара Спасск мемориалды кешенінде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спасск көптеген шет мемлекеттер үшін ұмытылмас орынға айналды. Мұнда қуғын-сүргіннің қыспағына түскен адамдар мәңгі ұйқыда жатыр.

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін елшіліктер мен дипломатиялық миссия өкілдері митингке келді.

Мұнда түрлі мемлекеттер қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарға 28 ескерткіш белгі орнатқан. Митингке қатысушылар оларға гүл шоғын қойды.

«Бұл - өткен ғасырда болған үлкен трагедия. Біздің парызымыз – бұл оқиғаларды ұмыттырмау, барша халықтың есінде сақтау. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Қазақстан жерінде 50 мың жапон қалды. Оның бәрі отанына орала алмады. Бірақ бүкіл жапон қазақтарға баспана мен көмек бергені үшін алғыс айтады, соның арқасында олар аман қалды», – деді Жапонияның Қазақстандағы елшісі Джун Ямада.

«Бүгін біз еркінен тыс ұлы далаға келіп, осында мәңгі қалғандарды еске аламыз. Біз сол қиын кезеңді есте сақтауымыз керек және бұл қайталанбауы үшін оны жаңа ұрпақтың есіне салып, түсіндіруіміз керек. Біздің ата-бабаларымыз да осында жатыр. Мен де - қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпағымын. Тек қазақ халқының шексіз мейірімінің арқасында басқа халықтар аман қалды», – дейді Қазақстанның «Вайнах» шешендер мен ингуштер қауымдастығының тең төрағасы Юсуп Келигов.

Спасск мемориалды кешені 2004 жылы тоталитаризм жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының жерленген жерінде құрылды.

Мұнда 1930-1950 жылдары КСРО ІІХК-ІІМ бөлімшелері, әскери тұтқындар мен тұтқындарға, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған КСРО азаматтарына арналған лагерь болды.

Спасск зиратында 5 мыңнан астам адам, 50-ден астам ұлт өкілдері жерленген.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT