Қаржы министрі «Қазақстан халқына» қорынан бөлінетін қаражатқа қатысты пікір білдірді
2022 жылғы 25 маусым 16:36

Қаржы министрі «Қазақстан халқына» қорынан бөлінетін қаражатқа қатысты пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халықпен кездесу барысында салада атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында мемлекеттік аппарат қызметін жетілдіру тұрғысында заманауи цифрлық технологияларды енгізуге ерекше екпін қойылып отырғаны айтылды.

Мемлекеттің бюджетті жоспарлау рәсімдерін цифрландыруға арналған тиісті жобасы жүзеге асырылып жатыр. Кейінгі екі жылда оның бірінші және екінші кезеңдері іске асырылды. Бұл өз кезегінде республикалық бюджетті электронды тәртіпте құруға мүмкіндік берді.

Биыл жыл аяғына дейін стратегиялық құжаттар мен республикалық бюджетті қалыптастырудың барлық кезеңі толық көлемде цифрландырылмақ.

Сонымен қатар, Қаржы министрі кездесуге келген тұрғындардың сұрағына жауап берді. Осы орайда, ведомство басшысына «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген көмек қаражатына қатысты сауал қойылды.

«Атап айтқанда, «Қазақстан халқына» қоры ауқымды жоба екенін білесіздер. Менің білуімше, онда 130 млрд теңгеден астам қаражат жиналды. Оны құру иделогиясына тоқталсақ, қорға жиналатын және қордан бөлінетін көмек қаражатына салық салынбайды. Сондықтан, бұл бағытта ешқандай салық салу тәртібі ескерілмеген», - деді Е. Жамаубаев.

Министр қазіргі кезде ведомстводағы және өңірлік құрылымдардағы қызметкерлердің жалақысын көтеру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Кездесу кезінде бюджеттің ашықтығы, кадр саясатын жетілдіру және басқа да мәселелер көтерілді.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT