Қатар билігі Қазақстанмен авиация және туризм саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі
2022 жылғы 21 маусым 20:48

Қатар билігі Қазақстанмен авиация және туризм саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Дохада ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Қатар мемлекетінің Сауда және индустрия министрі - жоғары деңгейдегі Қазақстан-Қатар бірлескен комиссиясының тең төрағасы шейх Мұхаммед бин Хамад Әл Танидің кездесуі өтті.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар экономиканы әртараптандыру, әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайда көлік-логистика саласын дамыту бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін қозғады, сондай-ақ жоғары деңгейдегі Қазақстан-Қатар бірлескен комиссиясы шеңберінде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады.

2020 жылдың ақпан айында өткен Комиссияның соңғы отырысында бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.

Атап айтқанда, Қатар инвестициялық қорының, араб елінің мемлекеттік және жеке компанияларының Қазақстанға инвестиция салу, оның ішінде ҚР жекешелендіру бағдарламасына қатысу. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына/импортына байланысты проблемалық мәселелерді шешу үшін жұмыс тобын құру.

Қатар билігі авиация және туризм саласындағы ынтымақтастыққа да мүдделі.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту қажеттілігін атап өтті.

Сонымен қатар, ҚР ҰЭМ басшысы Qatar Investment Authority - Қатар инвестициялық қорының өңірлік басқарушысы шейх Файсал Тани Әл Танимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ іскерлік байланыстарды жандандыру мәселелері талқыланды.

Ә.Қуантыров атап өткендей, Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін әрдайым ашық. Біздің еліміз болашақта да серіктестер алдындағы өз міндеттемелері мен кепілдіктерін толық көлемде орындайтын болады.

Өз кезегінде шейх Файсал Тани Әл Тани Қазақстанның инвестициялық жобаларына қызығушылық танытты.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT