Қазақстан футбол чемпионатында «Тұран» мен «Ақжайық» тең тарқасты
2022 жылғы 20 маусым 00:10

Қазақстан футбол чемпионатында «Тұран» мен «Ақжайық» тең тарқасты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының 14-турында «Тұран» Түркістанда Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос команда да бірінші лигаға түсіп қалатын қауіпті аймақта тұрғандықтан, ұпай ауадай қажет еді.

Өткен жылғы біріншілікте «Ақжайық» Түркістанда 2:0 есебімен жеңіске жетіп, Оралда 1:1 есебімен тең ойнаған еді.

Бұл жолы бірінші таймның 25-минутында «Ақжайық» сапындағы бразилиялық Рафаэль Сабиноның басына тиген доп ресейлік Степан Сикач қорғаған қақпаға кіріп кетті.

Екінші кезеңде 52-минутта оралдықтар ұйымдастырған шабуылдан кейін команда капитаны, ресейлік Сергей Шустиков допты тоқтатпастан дәл тебе білді – 1:1.

Бұдан кейін есеп өзгерген жоқ. 12 ұпайдан жинаған «Тұран» мен «Ақжайық» 12-інші және 13-орындарда қалды.

Бұл турда «Ақсуды» 5:0 есебімен ойсырата ұтқан «Астана» командасы 24 ұпаймен турнир кестесінде көш бастады.

Келесі турда батысқазақстандық клуб 25 маусымда өз алаңында «Ордабасыны» (Шымкент) қабылдаса, бір күннен кейін түркістандықтар Ақтауда «Каспиймен» кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қайраттың» «Мақтааралдан» басым түскенін жазған болатынбыз.


Суреттерді түсірген Айбатыр Нұраш.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT