Қазақстан халқына қоры ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек көрсетеді
2022 жылғы 13 сәуір 16:50

Қазақстан халқына қоры ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек көрсетеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде бұлшықет атрофиясы (СМА) және Дюшен синдромы бар 22 адамға көмек көрсетіледі. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұлшықет атрофиясы (СМА) және Дюшен синдромы бар 20 бала мен 2 ересек адамға дәрі-дәрмек сатып алуға арналған келісімшарт қол қою кезеңінде», - деді Л. Шыңғысбаева Орталық коммуникациялар қызметінде.

Таратылған мәліметке қарағанда, жақын арада Муковисцидоз диагнозы қойылған 16 балаға дәрі-дәрмек сатып алуға қаржыландыру жүргізіледі.

Мұнымен қоса, жұлын бұлшықеттерінің атрофиясы бар 4 балаға Қазақстанда тіркелмеген қымбат тұратын Onasemnogen abeparvovec (Zolgensma) препаратын сатып алу туралы шешім қабылданды. Айта кетейік, қазір төрт науқасқа да дәрі-дәрмек берілді.

Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, Мәскеу қаласында БҚО тұрғынын хирургиялық емдеуді ұйымдастыруға қайырымдылық көмек және Атырау облысынан туа біткен жүрек ақауының аса ауыр түрімен ауыратын баланы Кореяның Сеул қаласындағы медициналық мекемеге жеткізуге көмек көрсетілді.

Қайырымдылық көмек көрсетуді жалғастыра отырып, Қор келесі бағыттар бойынша жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға кіріседі. Денсаулық сақтау саласында:

- Орфандық дертке шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жобасы;

- медициналық ұйымдарды офтальмологиялық, аудиологиялық скринингтер мен ауруларды ерте диагностикалау үшін жабдықтармен қамтамасыз ету бағдарламалары;

- Ағзалар мен тіндерді трансплантациялауға, онкологиялық және онкогематологиялық патологияларға мұқтаж науқастарға қайырымдылық көмек көрсету жобалары;

- мүгедектерді (балалар мен ересектерді), атап айтқанда, бионикалық протездері барларды оңалту үшін техникалық құралдармен қамтамасыз ету бағдарламалары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қаңтар оқиғасында қаза болған 13 адамның туыстарына қордан қаражат аударылмақ.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT