Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне өтті – Қасым-Жомарт Тоқаев
2022 жылғы 9 маусым 16:21

Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне өтті – Қасым-Жомарт Тоқаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне өтті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі кеңес отырысы жаһандық логистикалық тізбектердің үзілуі, сауда соғыстары, теңдессіз инфляциялық қысым сынды барынша күрделі ахуал аясында өтіп жатыр. Мұның барлығы - бүгінгі күннің объективті шындығы. Мұндай ахуалда мемлекетке де, бизнеске де ойынның жаңа ережелеріне жедел бейімделу талап етіледі. Тек солай ғана бәсекеге қабілетті сақтап қала аламыз. Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне өтті. Елде мен ұсынған демократиялық реформалардың ауқымды бағдарламасы рет-ретімен жүзеге асып жатыр. 5 маусымда жалпыұлттық референдум өтіп, онда азаматтар Конституцияға енетін өзгертулер мен толықтырулар жобасын қолдады», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы дауыс беру нәтижесінде Ата заңның үштен біріне түзету енгізілгенін атап өтті.

Олардың қатарында Президент өкілеттігін қайта қарау, саяси партиялардың даму мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау процесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту бар.

«Бұған қоса, біз жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар кешенді экономикалық түрленумен қатар жүруі тиіс деген сенімдеміз. Дәл осындай әдіс бізге орташа кіріс қақпанынан сытылып шығуға және келесі даму деңгейіне көшуге мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT