АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы аптада елімізде кадрлық ауыс-түйіс салыстырмалы түрде көп болған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Апта аяқталар шақта, нақтырақ айтсақ, 24 наурыз күні Қазақстанның Румыния және Словениядағы Елшілері тағайындалды.
Ерлік Шәкірұлы Әли Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Осылайша ол Қазақстан Республикасынан Шанхай ынтымақтастығы ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестіруші лауазымынан босатылды.
Ерлік Шәкірұлы Әли 1962 жылы 11 наурызда дүниеге келген. 1984 жылы Тимирязев атындағы Ауылшаруашылығы академиясын, 1991 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының Экономика институтын бітірген.
Еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды облысындағы Ростовка ауылында директордың орынбасары болып бастаған.
1986-1992 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясының Экономика институтында аспирант, ғылыми қызметкер болды.
1992-1993 жылдары – «Казкоммерцбанкта» Валюта басқармасының аға маманы.
Дипломатиялық қызметін 1993 жылы ҚР СІМ Экономикалық ынтымақтастықты ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бастады.
1994-1998 жылдары – Египет Араб Республикасындағы ҚР Елшілігінің бірінші хатшысы.
1998-2002 жылдары ҚР СІМ орталық аппаратында Халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасында, Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінде жұмыс істеді, Алматы қаласындағы ҚР СІМ өкілдігінде саяси топ бөлімін басқарды және ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінде Орталық және Шығыс Еуропа бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
2003-2006 жылдары – Литва Республикасындағы ҚР Елшілігінің кеңесшісі.
2006-2008 жылдары ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінде басқарма бастығы болып қызмет атқарды.
2008 жылы ҚР СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды және 2009 жылдан 2014 жылға дейін осы департаментті басқарды.
2014-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Елшісі.
Қазақстанның Румыниядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2019 жылдан бастап ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасынан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметі мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестіруші болды.
I сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.
Ал Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Әлібек Әсетұлы Бақаев Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
Әлібек Әсетұлы 1981 жылдың 9 ақпанында Алматыда дүниеге келген.
2002 жылы Қазақ Мемлекеттік Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін («аудармашы-синхронист» мамандығы), 2011 жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын («Саясаттанушы» мамандығы) бітірген.
2004 жыл – Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Еуропа және Америка департаментінің референті (ҚР СІМ).
2004-2008 жылдары – Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің атташесі.
2008-2009 жылдары – халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесші, Қазақстан экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі хаттамасының бастығы.
2009-2012 жылдары – Қазақстанның экономикалық даму және сауда министрлігінің Халықаралық қатынастар департаментінің, Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры.
2012-2013 жылдары – ҚР СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті Азия диалог форумдары басқармасының бастығы.
2013-2015 жылдары – ҚР СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, міндетін атқарушы.
2015-2019 жылдары-ҚР СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаментінің директоры.
2019 жылғы 4 қыркүйек – 2022 жылғы 21 қазан – Қазақстанның Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың 21 қазанына дейін – Қазақстан Республикасының Лихтенштейн Княздігіндегі, Ватикан штатындағы Иерусалим, Родос және Мальта Госпитальерлерінің Егеменді Әскери ордені жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
2022 жылғы 21 қазаннан бастап 2023 жылдың 245 наурызына дейін Қазақстанның Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның Тұрақты Өкілі.
Сондай-ақ, дәл осы күні Президент Жарлықтарымен: Нұрбах Рүстемов Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды. Ал Алтай Әбибуллаев Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Елшісі, Қазақстан Республикасының Босния және Герцеговинадағы, Черногориядағы Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болып Асхан Мархабайұлы Байдуалиев тағайындалды.
Байдуалиев Асхан Мархабайұлы – уролог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. 1972 жылы Кентау қаласында дүниеге келген.
Еңбек жолын урология және жедел нефрология кафедрасының ассистенті болып бастаған. Кейіннен Алматы облысы, Қарасай аудандық емханасының директоры, Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің қосымша кәсіптік білім беру орталығының басшысы қызметтерін атқарған.
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің клиникалық жұмыс департаментінің директоры және Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып еңбек етті.
2020 жылдан бері Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасын басқарып келді.
Айта кетейік, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына бұған дейін басшылық жасаған Марат Пашимов басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз еркімен қызметінен босатылған болатын.
ҚР Іішкі істер министрінің бұйрығымен полиция полковнигі Байгелді Байжан Исембекұлы ротация негізінде Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Байжан Исембекұлы 1974 жылы Жамбыл облысы, Ерназар ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Ішкі істер органдарындағы қызметін 1996 жылы Жамбыл қаласы прокуратурасының тергеу қызметінде бастаған, әртүрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарған.
2005 жылы Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды.
2018 жылдан бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқарды.