
Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 20% артып, 42,6 мың теңгеге жетті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында ең төменгі күнкөріс деңгейінің ақшаға шаққандағы мөлшері 50,2 мың теңге болды. Бұл – республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Finprom.kz ресурсы жазған материалға сенсек, мамыр айында елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 20% артып, 42,6 мың теңгеге жеткен.
Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 19,6% артық. Порталдың дерегі бойынша, кейінгі бес жылда ең төменгі күнкөріс деңгейі 83,5%, кейінгі он жылда 2,6 артқан.
«2021 жылдың мамырында бұл көрсеткіш 35,6 мың теңге болатын. Өңірлер арасында Маңғыстаудың көрсеткіші жоғары - 50,2 мың теңге. Бұл өңірде ең төменгі күнкөріс деңгейі бір жылда 24,5% өскен. Одан кейінгі қатарда Нұр-Сұлтан қаласы (46,9 мың тг) мен Алматы (45,4 мың тг) тұр. Алғашқы бестікке ШҚО (43,1 мың тг) мен Павлодар (42,6 мың тг) областары кірді», -деп жазады Finprom.kz.
Ал ең төменгі көрсеткіштер Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр.
Еске салсақ, биыл ақпан айында елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі бір жылда 13%-ға, 38 мың теңгеге дейін өскені хабарланған болатын.