Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі іске қосылды
2022 жылғы 14 маусым 12:10

Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі іске қосылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жүйеге қазірдің өзінде 25 мұнай өндіруші ұйым, 4 мұнай тасымалдаушы компания және 3 мұнай өңдеу зауыты қосылды. Қазіргі уақытта қалған өндіруші компанияларды жүйеге қосу жұмыстары жүргізілуде.

«Ақпараттық жүйені құру және енгізу жұмыстары «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мен «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде Энергетика және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің басшылығымен жүргізілді. Ақпараттық жүйе мұнайды дайындау, өңдеу және тасымалдау кезеңдерінде есепке алу аспаптарынан деректер жинауды автоматтандырады. Деректерді беру автоматты режимде жүзеге асады», - деп жазды ведомство.

Мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесіне енгізудің негізгі көрсеткіштері:

- жедел деректер негізінде мемлекеттік деңгейде басқарушылық шешімдер қабылдауды қолдау;

- шикі мұнай мен газ конденсатының айналымын болжау;

- есепке алу аспаптарынан алынған деректер негізінде есептерді автоматты қалыптастыру.

«Бұдан басқа, есептеу аспаптарынан деректерді автоматты түрде жинау жер қойнауын пайдаланушыларға күнделікті есептілікті қолмен тапсыру шығыстарын қысқартуға, сондай-ақ адами факторды алып тастауға байланысты деректерді дұрыс енгізбеу тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT