Қазақстанда жарты миллион адам мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алады
2022 жылғы 14 маусым 10:01

Қазақстанда жарты миллион адам мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша 175,8 млрд теңге жәрдемақы төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның ішінде 2022 жылдың мамыр айында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 27,7 млрд теңге, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы төлеуге 8,2 млрд теңге жұмсалды.

1 маусымдағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 528,9 мың, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 180,1 мыңға жетті.

Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған асыраушының асырауындағы адам санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

1 маусымдағы жағдай бойынша мүгедектік жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 52 318 теңге, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақы – 45 906 теңге.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT