Қазақстандық қанша баланы шетелдіктер қамқорлыққа алған

2022 жылғы 4 қазан, 12:39
Қазақстандық қанша баланы шетелдіктер қамқорлыққа алған

АСТАНА. ҚазАқпарат –Елден тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан азаматтарына немесе шетел азаматтарына қамқорлыққа берілген балалардың денсаулық жағдайы, тәрбиесі туралы ақпараттың болмауы бүгінде мәселе етіп көтерілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық деректер банкінің мәліметіне сәйкес, 2021 жылы қамқорлыққа берілген 24 бала шетелге кетті, ал 2022 жылы олардың саны 13 баланы құрады. Балалар кеткен сәттен бастап қамқоршылар олар бойынша ақпарат берген жоқ. Бұл мемлекетті кәмелетке толмаған өз азаматтарын қорғауды қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырады», - делінген «Ашық НҚА» сайтында жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасына реттеу саясатының консультативтік құжатында.

Құжатта мұның себебі заңнамада нақтылықтың болмауы екендігі айтылған. Мәселен, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 126-бабында қорғаншы алты айда бір реттен сиретпей қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға қамқорлыққа алынған баланың денсаулық жағдайы туралы және оны тәрбиелеу жөніндегі, сондай-ақ оның мүлкін басқару жөніндегі жұмыс туралы есептерді ұсынуға міндетті деп көзделген. Бұл ретте қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тағайындалған адамдар қорғаншылар деп танылады. Алайда, заңнама аталған адамдардың тұрғылықты еліне тиесілігін нақтыламайды, сол арқылы оларға қорғаншылыққа берілген балалардың денсаулық жағдайы, тәрбиесі туралы ақпарат беру бойынша Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, елден тыс жерде тұрақты тұратын немесе шетел азаматы болып табылатын қамқоршы міндетін орындамау мүмкіндігін туғызады. Бұл нақтылаудың жоқтығы мемлекеттің өз балалары туралы хабардар болмауына әкеп соғады.

Консультативтік құжатты ҚР Оқу-ағарту министрлігі жариялап отыр. Ол осы жылдың 22 қазанына дейін жария талқылауға шығарылды.


Теги:
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar