Қазақстандық жас теннисші Уимблдон турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді
2022 жылғы 30 маусым 18:07

Қазақстандық жас теннисші Уимблдон турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Жанель Рүстемова Уимблдон жасөспірімдер турнирі іріктеу сайысының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, 18 жасқа дейінгілер арасында әлемдік рейтингіде 145-орында тұрған Ж.Рүстемова алғашқы кездесуін іріктеу сайысының 11-ракеткасы болып тіркелген үндістандық Шрути Ахлаватпен өткізді.

Қазақстандық жас теннисші бір сағатқа жуық уақыт ішінде қарсыласын ойсырата ұтты – 6:1, 6:1.

Ертең елорда теннис мектебінің түлегі іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 78-ракеткасы, словениялық Эланалия Миличпен ойнайды. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.

«Мен жасөспірімдер арасында «Үлкен дулыға» турниріндегі алғашқы матчымда жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Жақсы дайындалып, бапкердің нұсқауын ұстандым, бірінші болып шабуылдауға тырыстым. Бұл тактика өз жемісін берді. Ертеңгі қарсылас мықты, ол бәсекеде де өзімнің бар күшімді салатын боламын», деді Ж.Рүстемова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шыққанын, қазақстандық теннисшінің жарысты сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Уимблдон жасөспірімдер турнирінде тағы бір қазақстандық теннисші өнер көрсетеді.






Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT