«ҚазМұнайГаз» бен ресейлік «СИБУР» кәсіпорны өзара байланыс орнатуға ниетті
2022 жылғы 13 маусым 14:18

«ҚазМұнайГаз» бен ресейлік «СИБУР» кәсіпорны өзара байланыс орнатуға ниетті

Қос тарап алдағы уақытта мұнай, химия және газ саласындағы жобаларды бірге жүзеге асыруы мүмкін.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев бастаған қазақстандық делегация Ресейдегі «СИБУР» компаниялар тобына кіретін бірнеше кәсіпорынға арнайы барып, шетелдік әріптестердің қызметін байқады.

Аталмыш компания - полипропилен, төмен қысымдағы полиэтилен, биоксиалды бағытталған полипропиленді пленкалар, термопластикалық полимер, көпіретін полистирол, термоэластопласт шығаратын Ресейдегі ең ірі өндіруші.

Оған қоса, полиолефин дайындау бойынша әлемдегі үздік бестіктің құрамына кіреді.

Алдымен «ҚазМұнайГаз» өкілдері Ресейдің Тобыл қаласында орналасқан ірі өндіріс орындарының бірі – «ЗапСибНефтехим» компаниясының жұмыс барысымен танысты.

«Сибур Холдинг» тобының мұнай-химия комбинаты шығаратын өнім әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Мұнда жылына 1,5 млн тонна полиэтилен мен 1 млн тонна полипропилен шығарылады.

Қазақстандық делегация жылына барлығы 2,5 млн тонна базалық полимер шығаратын осы кәсіпорынға қарасты пиролиз, полиэтилен, полипропилен қондырғылары орналасқан өндіріс орындарында болды.

Сондай-ақ, орталық операторлық қызметтің негізгі бағыттарын байқады. Бұл орталықта бүгінде цифрлық құралдар кеңінен қолданылады.

Одан соң «ҚазМұнайГаз» компаниясы қызметкерлері мономерлік өндіріс нысанына барып қайтты.

Оның ішінде малеинді ангидридті шығаратын қондырғы, пропанды дегидридтеу, жеңіл көмірсутектің кең фракциясын өңдеу бойынша өндірістер бар.

Сондай-ақ, қазақстандық тарап мономерлерді шығару зауытының бірыңғай өндірістік операторлық орталығы мен «СИБУРИНТЕХ» инженерлік-техникалық сараптаманы дамыту орталығының қызметімен танысты.

Жұмыс сапары соңында «ҚазМұнайГаз», «Сибур» және бейнеконференция байланысы арқылы қосылған Sinopec компаниялары басшыларының қатысуымен жиын өтті.

Басқосу барысында компаниялар арасындағы әріптестік байланыс пен мұнай, химия және газ салаларында алдағы уақытта жүзеге асуы мүмкін бірлескен жобалар талқыланды.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қазан айында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және «Сибур» компаниялар тобы арасында полиэтилен мен полипропилен шығаратын зауыттарды салуға қатысты келісім жасалған болатын.



Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT