Көкшетаудағы өрт: таулы жерде жалынмен күресудің бірқатар қиындығы бар - ТЖМ

2022 жылғы 25 қыркүйек, 10:55
Көкшетаудағы өрт: таулы жерде жалынмен күресудің бірқатар қиындығы бар - ТЖМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таулардағы орман өртін сөндірудің маңызды ерекшеліктері мен бірқатар қиындықтары бар екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Таулардағы орман өрттерімен күресу үшін жер қазу және топырақ өңдеу техникасын қолдану шектелген, ал тасты топырақтарда оған мүлдем жол берілмейді. Мұнда автоцистерналар мен өрт сөндіру мотопомпаларын пайдалану да мүмкін емес. Сондықтан, қазіргі уақытта жеке құрам өртті сөндіру үшін аспалы бүріккіштерді, сондай-ақ қол құралдарын – күрек, кетпен мен тырма қолданады. Тұтанудың көлденең беткейден тік беткейге ауысуы кезінде жану жылдамдығы да артуы мүмкін, бұл – өрт сөндірушілер үшін қауіпті.

«Қазавиақұтқару» тікұшағы да өртті сөндіруге кірісті. Қазіргі уақытта Ақмола облысы ТЖД-ның 158 қызметкері және Бурабай МҰТП-ның 70 қызметкері өрт сөндіруге тартылған», - делінеді баспасөз мәлімдемесінде.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін таңертең жедел кезекші пультіне «Бурабай» МҰТП аумағындағы «Көкшетау» тауында шамамен 800 метр биіктікте түтіннің көрінгені туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жаяу барып, өртті сөндіруге кірісті.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar