Конституцияға ұсынылған өзгерістер қабылданды - Орталық референдум комиссиясы
2022 жылғы 7 маусым 12:36

Конституцияға ұсынылған өзгерістер қабылданды - Орталық референдум комиссиясы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Орталық референдум комиссиясы 5 маусымда өткен Қазақстан Конституциясына өзгертулер мен толықтыруларға қатысты референдум қорытындысын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 11 734 642 адамды құрады. 2022 жылғы 5 маусымда ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша бүкілхалықтық дауыс беруге 7 985 769 немесе референдумға қатысу құқығы бар адамдар санының 68,05 пайызын құрады. Осылайша «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес референдум өткізілді деп есептеледі. Респубилкалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі», - деді ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, елдің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы немесе 6 163 516 адам конституциялық түзетулерді жақтап дауыс берді. Бұл 17 аймақтың әрқайсысында абсолюттік көпшілікті құрайды.

«Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызын құрады немесе 1 490 477 адам. Осылайша, «Республикалық референдум туралы» заңның 31, 34-баптары негізінде еліміздің негізгі заңына ұсынылған өзгерістер қабылданды деп есептелінеді», - деді ол.

Нұрлан Әбдіровтің атап өтуінше, референдум қабылдаған шешімнің міндетті күші болады және актілермен қосымша растауды талап етпейді. Референдумда қабылданған өзгертулер мен толықтырулар референдумның қорытындылары туралы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT