Қорғаныс министрі еліміздің оңтүстігіндегі әскери нысандардың жай-күйін тексерді

2022 жылғы 24 қыркүйек, 15:15
Қорғаныс министрі еліміздің оңтүстігіндегі әскери нысандардың жай-күйін тексерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрлігінің комиссиясы генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен Қызылорда облысындағы әскери нысандарда болып, Түркістан қаласына сапар шекті.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қызылордада қорғаныс ведомствосының басшысына әскери бөлімнің атқаратын міндеттері мен жауынгерлік мүмкіндіктері, оқу-жаттығу жауынгерлік қызметінің барысы туралы баяндалды. Министр әскери инфрақұрылым нысандарының жағдайына ерекше назар аударып, штабтың жұмысымен, әскери қызметшілердің тамақтану жағдайымен танысты. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов сондай-ақ жауынгерлік машиналар паркіндегі әскери техниканың жай-күйі мен оларды ұстау тәртібін, қаруды сақтау жағдайын тексерді.

Сонымен қатар, қорғаныс ведомствосының басшысы оқу-жаттығу алаңдарын аралап, олардың практикалық сабақтарға дайындығын да тексерді.

Сапар соңында министр жеке құрамның жауынгерлік оқу сапасын арттыру, жауынгерлік даярлықтың оқу-материалдық базасын жетілдіру, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде бірқатар нұсқаулар берді.

Түркістанда Қорғаныс министрі Халықаралық әуежай ғимараты мен «Түркістан» әскери секторын салуға жоспарланған аумақты аралап көріп, алдағы жұмыстарға қатысты мәселелерді талқылады.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar