Коронавирустан өкпесі 100% зақымданған елордалық ана дені сау баланы дүниеге әкелді
2022 жылғы 31 наурыз 07:27

Коронавирустан өкпесі 100% зақымданған елордалық ана дені сау баланы дүниеге әкелді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – COVID-19 салдарынан өкпесі 100 пайыз зақымданған елордалық келіншек дені сау қыз баланы дүниеге әкелді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордадағы № 2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері босану кезінде өте ауыр халде болғанына қарамастан, пациентті сәтті босандырып алды. Оған коронавирус және ауыр дәрежелі екі жақты вирустық пневмония диагнозы қойылған еді. Ауыр жағдайға қарамастан, науқас салмағы 4000 г болатын дені сау қыз баланы дүниеге әкелді.

«Біздің ауруханаға науқас А.Оразбекова шұғыл түрде өте ауыр жағдайда екі жақты вирустық пневмониямен және өкпе тінінің жалпы – 100% зақымдануымен түсті», – деді №2 көпбейінді қалалық аурухана директоры Нұрбол Тұрсынбаев.

Жансақтау бөлімшесінде ананың өмірі үшін дәрігерлер екі ай күрескен.

«Босанғаннан кейін науқастың жағдайы нашарлады: сатурациясы төмен, температурасы жоғары, өздігінен дем ала алмады, интоксикация синдромы сақталды. Бірнеше рет консилиум жүргізілді, нәтижесінде пациент ЭКМО-ға (экстракорпоралды мембраналық оксигенация) қосылды. 20 күн бойы оксигенация және гемодиафильтрация жүргізілді», - деп толықтырды шұғыл кардиология және кардиохирургия орталығының басшысы Сейіл Мұхаметқалиев.

Науқас оттегі терапиясына қосылғанына қарамастан, оның десатурациясы өзгермеді. Сондықтан консилиумның шешімі бойынша науқас өкпені жасанды желдету аппаратына ауыстырылған.

«Екі ай бойы дәрігерлер мен мейіргерлер науқасты емдеді, қарап, барынша күтті. Көп ұзамай ауыр өткен отаның – жоғары технологиялық медициналық қызметтің нәтижесі бәрімізді қуантты. 50 тәуліктен кейін пациент реанимациядан бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Біздің аурухана мамандарының командалық жұмысының арқасында науқастың жалпы жағдайы жақсарды, гемодинамикасы тұрақтанды, ең бастысы – ол өз бетінше тыныс алады», – деп атап өтті инфекциялық блоктың меңгерушісі Гүлнұр Әшірбекова.

Айта кетейік, медициналық қызметтер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтаныру (МӘМС) жүйесінде жүргізілді. Сақтандырылмаған азамат үшін мұндай ота, мұндай медициналық көмек 16 миллион теңгені құрар еді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT