Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлы туып-өскен үйдің іргетасы қайда кетті
2022 жылғы 17 маусым 10:53

Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлы туып-өскен үйдің іргетасы қайда кетті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл 150 жылдығын атап өтетін Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған үйінің ізі де қалмаған. Бұған дейін іргетасы тұрған. Ахаңның көзіндей сол берік іргетасты мердігерлер бұзып тастап, орнын тез үгітілетін таспен өрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Оның өзінде қиюын келтірмей, жұрттың ашуын туғызған еді. Бұл әрекет жалпақ жұртқа әйгі болды.

– Мынау арада Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Фундаменті бұның қара шымнан кесектен салынған еді. Міне, қарап отырсаңдар жобасы осы жерден. Мынау арада пешпен бөлінген еді. Сол пешпен бөлінген бұрышта біздің Ахмет атамыздың үйіндегі әжеміз осы жерде Ахмет атамызды дүниеге әкелді-ау деп өзіміз ойлайтын едік. Астан-кестеңі шыққан. Ізі де қалмаған, дымы да қалмаған. Ең соңғы Ахметтің өзімізде бар ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз, - дейді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Жақсыбек Әбдісалық.

Жермен-жексен болған аумақта былтыр екі бөлмелі үй тұрған. Ұлт ұстазы Сарытүбектегі осы баспанада дүниеге келді дейді жұрт.

Оны ескерткіш ретінде тұрғындар 2009 жылы бастапқы кейпіндегі іргетастың үстінен салған.

Аймақ тағы бір киелі нысаннан айырылды. Тура бір ай бұрын Ахмет Байтұрсынұлы туған үй толық бұзылды.

Биыл Алаш арысының 150 жылдық мерейтойында мақтан тұтарлық ешқандай ескерткіш қалмаған.

Биыл мамыр айында үй қайта жаңғыртылады деп шешілді. Тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен.

Бірақ 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалды. Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы видеолар әлеуметтік желіге тарап, дау шықты.

Қабырғасына деген құм блоктары көпке шыдауы екіталай еді. Жауапсыз мердігермен келісім екі жақпен үзілген.

Оған бір тиын да төленбегендіктен іс сотқа жетпейтін болды.

– Саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, әрі қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Үлкендердің айтуынша, ауыл адамдарының айтуы бойынша қаланған үй. Сондықтан біз оны былайша айтқан кезде Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі жер бетінен ысырылып тастады деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды, - дейді мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін салынып бітуі тиіс.

– Жоба бойынша 149 шаршы метр. Тұрғын үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Жобасы 20 маусымда алынады. Жобалық құжатын жасауға 1,2 млн теңге демеушілер атынан істеледі. Ал енді үйдің құны 37 млн боп тұр. Экспертизаға дейін. Ол өзгереді әлі, - дейді Жангелдин ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиев.

– Құлаған зат қайтып тұрмайды ғой. Қанша зарлағанымен ол қайтып келмейді. Ендігі салатын адам дұрыстап салса, көрнекі қылып. Бөлінген ақша аз емес, - дейді Ақкөл ауылының тұрғыны Кәдіржан Бөрібайұлы.

Ал Ахаңа арналған кесене керісінше сапалы, әрі қымбат Жаңаөзеннен әкелінген теміртастан салынып жатыр.

Ақкөл мен Ахмет ауылы халқының бастамасымен 10 млн теңгеге екі аптадан кейін тұрғызылып бітеді.

Алыстан көз тартатын нысанның аумағы 70 шаршы метр болады. Биіктігі 7 метрден асады.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT