ҚР Президенті Еуропа одағының Орталық Азия жөніндегі арнаулы өкілін қабылдады
2022 жылғы 7 ақпан 18:12

ҚР Президенті Еуропа одағының Орталық Азия жөніндегі арнаулы өкілін қабылдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Еуропа одағының Орталық Азия жөніндегі арнаулы өкілі Тери Хакаланы қабылдады. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа одағымен арадағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға баса мән беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельге 10 қаңтардағы бейнебайланыс режимінде өткен кездесу барысында елімізді қолдап сөйлегені және ынтымақтастықты нығайтуға нық сенім білдіргені үшін ризашылығын айтып, сәлемін жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тери Хакаланың өтініші бойынша «қасіретті қаңтар» оқиғасы жөнінде айтып берді. Сондай-ақ Бас прокуратураға болған оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын ашық әрі әділ жүргізу жөнінде тапсырма берілгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы адам құқықтары мен бостандығының сақталуы еліміздегі барлық билік тармағы үшін басымдық саналатынына назар аударды.

Қазақстан Президенті саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға және әлеуметтік теңсіздікті сәйкестендіруге, ұлттық экономиканы әртараптандыруға бағытталған Жаңа экономикалық бағдарды іске асыру жоспары жөнінде мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа одағымен ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша тығыз байланыстарды дамытуға және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға ниетті екенін нақтылады.

Өз кезегінде Тери Хакала Брюссельдің Қазақстанмен арадағы байланыстарды дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Еуропалық дипломат Президентке мазмұнды әрі пайдалы пікір алмасқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Еуропа одағы Президенттің саяси реформаларын толық қолдайтынын және еліміздің өркендеуіне, тұрақтылығына мүдделі екенін айтты.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT