Құрылысшылар одағы «Еңбек» партиясын құрмақ
2022 жылғы 6 сәуір 14:08

Құрылысшылар одағы «Еңбек» партиясын құрмақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан құрылысшылар одағы жаңа «Еңбек» партиясын құруға ниетті. Бұл туралы одақ төрағасы Талғат Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз 31 наурыз күні одағымыздың жылдық есеп беру конференциясын өткіздік және оған еліміздің 16 өңіріндегі мүшелеріміз қатысты. Біздің құрылымда 16 өңір бар және құрылыс саласында жұмыс істейтін 1200-ден астам компания және 500 мыңнан астам мүшеміз бар. Сол есептік конференцияда біздің құрылысшылар «Еңбек» партиясын құру жөнінде ұсыныс берді. Әрине, мен осы құрылыс одағының төрағасы болғандықтан, ұсыныстарды естіп, қолдау көрсеттік. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, қазіргі уақытта түрлі реформалар қажет. Бірақ өкінішке орай, соңғы 10-20 жылда құрылыс, экономика салаларындағы реформалардың тиімділігі төмен болды. Сондықтан, экономикамыз дамысын деп, өзіміз де құрылысшылар ретінде өндіріспен айналысатын, жол салатын, инфрақұрылым салатын мекемелермен, жобалаушылармен бірге саяси партия құруды ұйғардық», - деді Талғат Ерғалиев «Park Inn» қонақ үйінде өткен баспасөз конференциясында.

Талғат Ерғалиев тілшілермен сұхбатында қазіргі тәжірибелі партиялармен қалай бәсекелесетіні туралы сұраққа жауап берді.

«Ол партиялар бірнеше жыл жұмыс істеді және нәтиже бермеді деп ойлаймын. Жаңа адамдарға, партияларға жол беретін уақыт келді, олар алдыңғы қателіктер мен тұжырымдарға сүйене отырып, басқаша көзқараспен қарайды. Бағдарламамыз бар. Әрбір қазақстандықты баспанамен қамту – басты мақсаттарымыздың бірі. (...) Біз еңбек адамдарымыз, еңбек еткіміз келеді. Біздің міндетіміз – азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жеті жыл бұрын кезекте 450 мың адам тұрған. Қазір біз 15-17 млн шаршы метрден тұрғын үй салып жатырмыз, бірақ олардың саны азайған жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды, бірақ 20 жыл бұрын өзекті болған проблемалар әлі де шешілген жоқ. Сондықтан біз бірігіп, партия ашып жатырмыз. Менің ойымша, бұл нәтиже береді.

Біз әлі өтініш берген жоқпыз. Партия құру туралы жарияладық, енді өзіміз дайындаламыз және өңірлерді дайындаймыз. Күзге қарай Парламент конституциялық түзетулерді, партиялар туралы заңды қабылдайды және біз Президент өз Жолдауында атап өткендей, еліміздің дамуы үшін еңбектенуді жалғастырамыз», - деді Т. Ерғалиев.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT