Қызылордада сабақ кестесін дұрыс ұйымдастырмаған мектептерге айыппұл салынды
2022 жылғы 26 сәуір 21:00

Қызылордада сабақ кестесін дұрыс ұйымдастырмаған мектептерге айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысындағы мектептерде сабақ кестесін дұрыс ұйымдастырмаудың 34 дерегі анықталды. Оларға санитариялық нұсқама беріліп, тиісті айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейінгі кезеңде мектептегі күрделі оқу жүктемесінің бала денсаулығына тигізетін әсері жиі айтылады. Бұл оқу процесінің дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан туындайды. Ол бала денсаулығының нашарлауына әсерін тигізеді. Бұған байланысты тиісті талаптар бар.

Білім беру ұйымдарында оқу процесінің дұрыс ұйымдастырылуы оқу жүктемесі мен сабақ кестесін дұрыс құрудан басталады.

«Сабақ кестесін жасаған кезде бір күн және бір аптаның ішіндегі оқушының ақыл-ой және қабілеттілік серпіні мен қиындығы бойынша пәндерді саралау ескерілуі тиіс. Себебі әр деңгейдегі сынып оқушыларының белсенділігінің төмендеуі түрлі сағаттарда болады. Ең күрделі пәндерді сабақ кестесінде 2-3-ші сабаққа қою ұсынылады. Сондай-ақ физика, математика, шет тілі секілді күрделі пәндерді қатарынан қоюға болмайды. Оларды жеңіл география, ән секілді пәндермен араластырып отыру керек», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Ведомство мәліметінше, жалпы білім беру нысандарын тексеру барысында мектептерде сабақ кестесі дұрыс ұйымдастырылмаған 34 дерек анықталды. Оларға санитариялық нұсқама беріліп, тиісті айыппұл салынған. Аталған кемшіліктер қалпына келтірілді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда қаласында Конго-қырым қанды безгегінің 11 ошағы анықталды.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT