Маңғыстауда жол саласында кәсіби мамандар жетіспейді
2022 жылғы 18 маусым 22:36

Маңғыстауда жол саласында кәсіби мамандар жетіспейді

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз хатшысы Талғат Әділ хабарлады.

Уәкілетті мекеме өкілінің айтуынша, 2021 жылы орталық тарапынан барлық облыстағы әкімдіктерде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде жасайтын қызметкерлерге талдау жүргізілген.

- 1 600-ге жуық адамның жергілікті атқарушы органдарда жол саласына қатысты бөлімде жұмыс жасайтыны белгілі болды. Бірақ, оның ішінде 190 адамның ғана жол мамандығы бойынша сәйкес дипломы бар екен. Расын айтуымыз керек, Маңғыстау облысында да жол құрылысының қыр-сырын білетін маман тапшы. Олқылықты түзету үшін биыл сәуір айында Ақтауда кәсіби біліктілікті арттыру семинарын өткіздік, - деді Талғат Әділ.

Спикердің айтуынша, сәуір айында Ақтауда кәсіби біліктілікті арттыру мақсатында өткізілген семинарға аудан-қала әкімдіктерінің қызметкерлері мен автожолдарды салушы мердігер мекемелердің мамандары қатысқан.

Олар автомобиль жолдарын жөндеу немесе қайта төсеу бойынша жаңа технологияларды қолдануды үйреніп, жалпы осы саладағы соңғы жаңалықтармен танысқан.

Семинарға қатысушылардың сұрауы бойынша биыл осындай шара тағы өткізілетін болып шешілді.

Айта кетейік, маңғыстаулық жолдардың сапасын бақылаушылар Ресейге, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында өткен біліктілік арттыру семинарларына барып жүр.

Олар жинаған тәжірибесін бүгінде бөлісіп жатыр.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT