Мектеп кітапханалары 2,2 млн дана жаңа әдебиетпен жаңартылды
2022 жылғы 1 маусым 11:28

Мектеп кітапханалары 2,2 млн дана жаңа әдебиетпен жаңартылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мектептегі психологиялық қызметтердің жұмысын жақсарту үшін бірыңғай ережелер енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда 6,5 мың мектеп парламенттерінде оқушылар өзін-өзі басқаруды дамытып, мектепті басқаруға қатысуда. Коммуникация және командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыру мақсатында мектептерімізде 120 мыңнан аса оқушыны қамтитын 5 905 дебат клубы ашылды, соңғы 5 айда оған 16 мыңнан аса бала қосылды. «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасы аясында балалар арасында оқырмандар қозғалысы жандандырылды. Мектеп кітапханаларының кітап қоры 2,2 млн дана жаңа көркем, балалар әдебиетімен жаңартылды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы волонтерлік қозғалысқа серпін берілді. Үйде оқитын балаларға көмек көрсетуге 63 мыңнан астам волонтер қатысты. 5-11 сыныптарға жаңа оқу жылынан азаматтық, адалдық, парасаттылық, этика, медиасауаттылық, қаржылық сауаттылықты қамтитын «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы енгізіледі.

«Мектеп-ата-ана қарым-қатынасының форматы өзгертілді. Әдеттегі ата-аналар жиналыстарының орнына педагогикалық-ата-ана консилиумдары баланың оқу жетістіктерін, тәртібін, қызығушылықтарын жеке кездесулерде жүйелі қарайтын болды. Мектептегі психологиялық қызметтердің жұмысын жақсарту үшін биылдан бірыңғай ережелер енгізіледі», - деді Шолпан Каринова.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT