«Мені Тоқаевпен қосыңыз»: Төтенше жағдай кезінде жедел желіге қандай сұрақтар келіп түсті – психологпен сұхбат
2022 жылғы 16 ақпан 10:16

«Мені Тоқаевпен қосыңыз»: Төтенше жағдай кезінде жедел желіге қандай сұрақтар келіп түсті – психологпен сұхбат

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық Зарина Кенжекар - кәсіби психолог. Маман қаңтарда болған елдегі жаппай тәртіпсіздіктер және төтенше жағдай кезінде қолдауға зәру жандарға психологиялық көмек көрсетті. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі қаңтар оқиғасы кезінде қазақстандықтарға қандай қолдау қажет болды және көмектің қалай көрсетілгені туралы Зарина Кенжекармен әңгімелескен еді.

«Өзім - 4 баланың анасымын. Үйде туған ағам мен жеңгем - әскери қызметшілер. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде елде қандай жағдай болғанын бәріміз білеміз. Біздің үйде де күтпеген жағдай болды. Себебі ағам мен жеңгем қызмет бабымен 5 күн үйде болмады. Үйде анам, мен және бала-шаға ғана қалдық. Сол сәтте әріптесім жедел психологиялық қолдау көрсету орталығы құрылып жатыр деп маған жұмыс істеуді ұсынды. Ойлана келе, төтенше жағдайда аз да болса елге пайдам тисін деп, волонтер ретінде жұмыс істеуге келістім», - деді Зарина Кенжекар.

Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде 2 түн бойы жедел желіге хабарласқан жандарға психологиялық көмек көрсеткен. Сол 2 түннің ішінде біраз жанның жанайқайын естіп, қолдау білдірген.

«Түнгі ауысымда жұмыс істеуге келіскен себебім - күндіз балаларымның тәрбиесімен айналыстым. Төтенше жағдай кезінде 1414 жедел желісіне тұрғындар түрлі сұрақтармен хабарласты. Негізінен онлайн форматта, яғни телефон арқылы психологиялық қолдау көрсеттік. Бірақ қажет жағдайда жүздесіп, мәселені бетпе-бет қарау мүмкіндігі де болды. Қоңырау еліміздің барлық өңірінен келіп түсті. Дегенмен көбінесе Алматы, Шымкент және Қызылорда тұрғындары хабарласты. Келіп түскен сұрақтар мен мәселелер әртүрлі болды. Шыны керек, кей адамдар жедел желіге не үшін хабарласқанын да айта алмай жатты. Елде күтпеген жағдай болғандықтан адамдардың сасып қалғаны да түсінікті. Қарапайым халықтың кәсіби түрде психологтың көмегіне жүгіне қоймайтыны байқалды», - дейді ол.

Маманның сөзінше, жедел желіге хабарласқан жандардың дені мұңын тыңдауды өтінген. Олар үшін сол сәтте жан дүниесімен бөлісу маңызды болған.

«Хабарласқан жандар ішкі дүниесін ақтарды, әрине, мен оларды тыңдадым. Сонымен қатар, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жақынын жоғалтқандар жиі хабарласты. Мысалы, Алматы тұрғыны «Қаскелеңде тұратын інім хабар-ошарсыз кетті, қайда екенін білмеймін» деп көмек сұрады. Әрине, қазір айтуға оңай, бірақ сол сәтте ауыр тиді. Себебі, ол кісі туған бауырының өлі-тірісін білмей, амал жоқтығынан бізге хабарласып тұр. Тағы бір тұрғын Талғардан қоңырау шалды. Оның айтуынша, өзі 3 баланың әкесі екен, әйелі бала күтімімен үйде отыр. Ол жаппай тәртіпсіздіктердің салдарынан жұмыссыз қалған. Отбасын асырау керек, не істерін білмей бізге жұмыс тауып беріңіздерші деп көмек сұрады. Одан бөлек, 2 баланың анасы, жалғызбасты әйел хабарласты. Ол Алматының орталығында тұрады екен, үйінде азық-түлік біткен, сыртқа шығу - қауіпті. Өзім үшін емес, балаларымды уайымдадым дейді», - деп еске алды маман.

Сондай-ақ, психолог орталыққа келіп түскен сұрақтар мен өтініштердің аясы кең екенін айтты. Зарина Кенжекар түнгі сағат 22:00-ден таңғы сағат 07:00 аралығында желіде болып, хабарласқан жандарға психологиялық қолдау көрсеткен.

«Мені Тоқаевпен қосыңыз» деп хабарласқан азамат та болды. Кейін анықталғандай, ол егде жастағы кісі болып шықты, Президентке айтатын кеңесім бар дейді. Тағы бір жағдай, түнде қыз бала хабарласып, «шылым тартқым келіп тұр» дейді. Темекісі бітіп қалған, сыртқа шығайын десе -коменданттық сағат. Айта берсем, оқиғалар жетіп жатыр. Жедел желіге біреу шынымен үлкен проблемасымен, не істерін білмей хабарласып жатса, біреулерде керісінше болды», - дейді маман.

Психолог әңгіме соңында қандай жағдай болмасын маман ретінде қолдау көрсету міндеті екенін айтты.

«Жалпы психологияда әр жағдайға байланысты қолданатын арнайы әдіс-тәсіл бар. Өз басым төтенше жағдай кезінде хабарласқан жандармен гештальт және трансактілік талдау методикасы арқылы жұмыс істедім. Негізі менің психологиядағы жұмыс бағытым - еркек пен әйел, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, сондай-ақ 12 жастан асқан жасөспірімдермен жұмыс істеймін» - деді З. Кенжекар.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT